ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Шымкентте су жаңа 1 200 орындық мектептің құрылысы аяқталып, тапсырылды. Әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан, заман талабына сай жабдықталған №130 жалпы орта мектебінің тұсауын өңір басшысы Жансейіт Түймебаев кесті. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған оқу ошағында алдағы уақытта 2400 оқушы білім алатын болады. Ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында есігін айқара ашып отырған мектептің құрылысын «ЖАҢА АРНА 2002» ЖШС-гі жүргізген. Мердігер компания құрылысты межеленген мерзімнен бұрын аяқтаған. Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы жаңа білім ошағына оң бағасын берді.

«Мен еліміздегі мектептердің көбісін көргенмін. Алайда, мұндай мектепті алғаш көруім. Білімнің деңгейін көтеру үшін мектептің сапасы жақсы болуы керек. Бұл осындай қағидатпен салынған білім ұясы. Мердігер компаниядан үлгі алу керек алдағы уақытта. Балалар салауатты өмір салтын ұстану үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда 3 бірдей спорт залы бар. Сондай-ақ, мектепте тігін, ағаш ұстасы сынды түрлі үйірмелердің жұмыс жасауына мүмкіндік мол. Яғни, мұнда білім алған оқушы әмбебап болып қалыптасады. Мұның барлығы Елбасы саясатының нәтижесі», — деді облыс әкімі.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ашылып отырған білім ордасында оқушыларға арналған 61 оқу бөлмесі мен жаңа үлгідегі биология, физика, химия, информатика, мультимедиялы-лингофонды кабинеттер, кітапхана, асхана, акт, спорт залдары мен спорт алаңы, қыздарға және ұлдарға арналған шеберханалар қарастырылған.

Әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан үйлердің тұрғындары жаңа мектеп ашылғанына қатты қуануда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *