ДАНИЯР МЕЙІРХАН: «МЕНІҢ ҚОЛЫМНАН КЕЛМЕЙДІ»

Шымкент қаласының әкімдігінде қала басшысы Нұрлан Сауранбаевтың төрағалығымен қоғамдық кеңес өтті. Нұрлан Ермекұлы алдымен жуырда тағайындалған қала әкімі аппараты басшысы Нұрбек Бадырақовты таныстырды. Жиналыс барысында қоғамдық көлік жетіспеушілігі, жолаушыларға қызмет көрсету, 20.00-ге дейін көлік бағыттарының сақталмауы талқыланды.

Қалалық көлік және автожолдар бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев, кейбір бағыттарда стандартқа сай базасы жоқ, автобусы жоқ көлік компаниялары қызмет ететінін жеткізді.

Қоғамдық көлік компанияларының айтуынша, кей ықшам аудандар арасындағы аялдамаларда тиісті белгілер жоқ. Арнайы белгіге тоқтамағаны үшін полицейлер жүргізушілерге айыппұл салады дейді.

Жиында сөз алған жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірхан қоғамдық көлік жүргізушілерінің өздері үнемі ереже бұзатындығын және ағымдағы жылы 505 полиция қызметкері түрлі ереже бұзғаны үшін жазаланып,  сөгіс алғанын мәлімдеді. Бұл жергілікті полиция қызметінің 40 пайызы. Сондай-ақ, Данияр мырза кадр мәселесін шеше алмайтындығын жеткізді. Шымкент қаласы жергілікті полиция қызметі басшылығының келісімінсіз облыстық жергілікті полиция қызметі немесе ІІД-ті барлық кадрлық мәселелерді өздері шешеді.

Демек, Данияр Мейірханның тек басшы деген аты болмаса, барлық кадрлық сұрақтарға ОҚО ІІД-ті немесе облыстық жергілікті полиция қызметі басшылығы жауапты деген түсінік қалыптасады.

Қоғамдық кеңестің мүшесі, қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев бұл жайында.

– Данияр Мейірханның айтқан сөздер рас болса, онда не үшін қоғамдық кеңеске облыстық жергілікті полиция қызметінің басшылары қатыспайды? Не себепті 505 полиция қызметкері жазаланғаны түсінікті болып тұр ғой. Шымкент қаласы жергілікті полиция қызметінің басшылары кадр проблемасын өздері шешкенде ғана, бұл айтылған мәселелер шешілуі мүмкін, – деді халық қалаулысы.

Жиын соңында Шымкент қоғамдық кеңесі ОҚО ІІД-не Шымкент қаласы жергілікті полиция қызметінің кадр проблемасына қатысты хат жолдайтын болды. Аталған мәселені Шымкент қаласы жергілікті полиция қызметінің құзырына берсін немесе бұдан былай облыстық жергілікті полиция қызметінің басшылары әрбір полиция қызметкеріне есеп берсін деген бағытта болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *