ТҮРКИЯДА ЖОЙҚЫН ЖЕР СІЛКІНІСІ БОЛДЫ

Түркияның Газиантеп қаласының маңында магнитудасы 7,5 болатын жойқын жер сілкінісі тіркелді. Салдарынан ғимараттар қирап, Түркияның бірнеше ауданында дабылдың ең жоғары деңгейі жарияланды.

Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығының (EMSC) мәліметінше, жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша 01:17-де (Астана уақыты бойынша сағат таңғы 7:17) тіркелген.

Жер сілкінісінің ошағы — Газиантептен 27 шақырым жерде, 10 шақырым тереңдікте орналасқан. Жер сілкінісі салдарынан Газиантептен солтүстік-батысқа қарай орналасқан Кахраманмараш қаласында ғимараттар құлаған.

Сондай-ақ, Адыяман, Диярбакыр және Малатьяда да ғимараттар қираған. Кейін Газиантеп провинциясында жергілікті уақыт бойынша 04:26 шамасында (Астана уақытымен 07:26) екінші рет магнитудасы 6,4 болатын жерасты дүмпуі тіркелген. Оның ошағы шамамен 7 шақырым тереңдікте болған.

Түркияның ішкі істер министрі Сүлейман Сойлудың хабарлауынша, қазіргі таңда Түркияның бірнеше ауданында дабылдың ең жоғары деңгейі жарияланған. Түркиядағы жер сілкінісі көршілес Сирияға да әсер еткен. Латакия маңындағы аудандарда ғимараттардың бүлінгені хабарланды.

«Латакия маңындағы жер сілкінісі салдарынан бір ғимарат қирап, тағы бірнеше ғимарат бүлінген. Қала тұрғындары мен жақын маңдағы кейбір елдімекен тұрғындары жерасты дүмпулерінен үйлері опырыла ма деп қорқып, көшеге шықты», – дейді куәгер.

Ал түрік қаласы Шанлыурфа мэрінің мәліметінше, жер сілкінісі салдарынан қалада 16 үй опырылып, үйінді астында адамдар қалып қойған. Османие губернаторының хабарлауынша, жер сілкінісі салдарынан 5 адам қаза болып, 34 ғимарат қираған.

Айта кетейік, Газиантеп — Сирияның Алеппо қаласына жақын орналасқан Түркияның оңтүстік-орталық бөлігінде қала.

дереккөз: kaz.nur.kz.