ТҮРКІСТАН: САУРАН АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ДРОНДАР МЕН ЗАМАНАУИ ӨНДІРІСТЕР ДАМУДА
Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңдеу өнеркәсібін дамыту, экономиканы әртараптандыру, жоғары технологиялық өндірістерді қалыптастыру және инвестиция тарту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бағытта өңірлерде жаңа өндіріс орындарын ашу, отандық өнім өндіру көлемін арттыру, экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды қолдау және инновациялық технологияларды өндіріске енгізу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығында заманауи техникаларды пайдалану елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі ретінде қарастырылуда. Осы міндеттерді іске асыруда Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың орны ерекше.
Осы орайда бүгін Сауран ауданындағы «Шаға» өндірістік алаңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – ауданда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларды таныстыру, өңірдің өндірістік әлеуетін көрсету, жаңа өндіріс орындарының жұмысымен таныстыру және кәсіпорындардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңінен насихаттау болды.
Пресс-тур барысында БАҚ өкілдері өндірістік алаңда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды аралап, олардың өндірістік процестерімен, технологиялық мүмкіндіктерімен және іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларымен танысты.
Алғашқы болып «BNK Group» кәсіпорнының өндірісі таныстырылды. Компания ауыл шаруашылығы саласына арналған жоғары технологиялық жабдықтарды өндіретін еліміздегі жетекші кәсіпорындардың бірі болып саналады. Бүгінде кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатып суару жүйелерін құрастырады. Сонымен қатар мұнда ауыл шаруашылығы техникалары шығарылып, егістік алқаптарына арналған заманауи агродрондар құрастырылуда. Бұл өнімдер ауыл шаруашылығын цифрландыруға, еңбек өнімділігін арттыруға және су мен тыңайтқышты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Бұдан кейін БАҚ өкілдері «Aqniet Holding» кәсіпорнының өндірістік әлеуетімен танысты. Компания білім беру ұйымдарына арналған заманауи жиһаз өндіруге маманданған. Соңғы үш жыл ішінде кәсіпорын республика бойынша 50-ге жуық мектепті сапалы жиһазбен қамтамасыз еткен. Мұнда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының талаптарына сәйкес мектеп жиһаздары шығарылып, сондай-ақ «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесіп медицина мекемелеріне арналған арнайы жабдықтар өндіріледі. Бұл өндіріс отандық өнімнің үлесін арттыруға және әлеуметтік нысандарды сапалы жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған.
Пресс-тур бағдарламасы аясында «Юпитер-М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірісі де таныстырылды. Кәсіпорын жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін өндіреді. Жылдық өндірістік қуаты 1 750 тоннаны құрайтын зауыт қазіргі уақытта толық қуатында жұмыс істеп, өнімдерін Қазақстанның түрлі өңірлерімен қатар Өзбекстан Республикасына экспорттап келеді. Кәсіпорында 20 тұрақты жұмыс орны құрылған. Бұл жоба өңірдің экспорттық әлеуетін арттырумен қатар, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге мүмкіндік беруде.
БАҚ өкілдері сондай-ақ «TURSAPA» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Зауыт тұрмыстық және өндірістік мақсаттағы полиэтилен өнімдері мен әртүрлі көлемдегі қоқыс қаптарын шығарады. Өндіріс ішкі нарықты сапалы әрі бәсекеге қабілетті отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Кәсіпорында заманауи өндірістік технологиялар қолданылып, өнім сапасына ерекше мән беріледі.
Пресс-тур бағдарламасына «Turan Su» кәсіпорны да енгізілді. 2019 жылы құрылған мекеме ирригациялық жүйелерді күтіп ұстау, жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар индустриялық парк аумағында тамшылатып суару құбырларын шығаратын жаңа өндіріс орнын іске қосқан. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 183 мың шақырымнан астам тамшылатып суару ленталарын, 5 256 дана полиэтилен құбырларын және 2 117 шақырым шлангілерді шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 20 қызметкер екі ауысымда еңбек етеді. Бұл өндіріс ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалану және су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған маңызды жобалардың бірі болып табылады.
Пресс-турдың негізгі назарын аударған жобалардың бірі – «Avatar Agricultural Technology Development» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің агродрондар өндірісі болды. Жоба аясында жыл сайын 600 дана ауыл шаруашылығына арналған дрон шығару жоспарланған. Қазіргі уақытта өндірістік алаң толық дайындалып, қажетті құрал-жабдықтар орнатылған. Алғашқы сынамалық үлгілер әзірленіп, сынақтан өткізілуде. Бүгінде жобаны толық іске қосу үшін азаматтық авиация саласындағы тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Агродрондар ауыл шаруашылығы саласында тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын дәл әрі тиімді шашуға, егістік алқаптарын бақылауға, егіннің жағдайын қашықтан бағалауға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Мұндай жоғары технологиялық өндірістің Сауран ауданында іске асырылуы өңірдің инновациялық әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығын цифрландыруға жаңа серпін береді.
Пресс-тур барысында «Daulet Holding» кәсіпорнының өндірістік қызметі де таныстырылды. Кәсіпорын жылына 36 500 дана ішкі ағаш есік өндіреді. Бүгінде өндіріс орнында 40-қа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Заманауи технологиялар қолданылатын кәсіпорында шикізатты іріктеу, ағашты өңдеу, құрастыру, сырлау және әрлеу жұмыстары толық өндірістік цикл бойынша жүзеге асырылады. Бұл отандық құрылыс материалдары өндірісін дамытуға және импортты алмастыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады.
Пресс-тур қорытындысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өндіріс орындарының жұмысымен жан-жақты танысып, кәсіпорын басшыларымен пікір алмасты. Аталған жобалардың барлығы Сауран ауданында өндіріс көлемін ұлғайтуға, инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және жоғары технологиялық өндірістерді қалыптастыруға бағытталған.
Бүгінде Сауран ауданы инвестиция тарту мен өндіріс саласын дамыту бағытында Түркістан облысындағы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналуда. Индустриялық жобалардың жүйелі жүзеге асырылуы аудан экономикасының тұрақты өсуіне, халықты жұмыспен қамтуға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға елеулі үлес қосып келеді.
