ГОЛОВКИН КИЕТІН ШАПАН ШЫМКЕНТТЕ ТІГІЛГЕН

Жақында ғана отандасымыз Геннадий Головкин өзiнiң бокстан әлем чемпионы атағын кезектi рет абыроймен қорғады. Кәсiпқой бокста атой салып жүрген спортшының өнерiне барша әлем тамсана да, таңырқай да қарады. Бойымызды мақтаныш кернедi.

Бұл туралы әлемнiң және елiмiздiң ақпарат құралдары жарыса жазды. Кәсiпқой бокста Геннадий ешқашан жеңiлген емес. Қазақтың соққысы ауыр тартатын батыры ұрғанын құлатып, рингке шыққанын сұлатып жатады. Батырды қалай мақтасақ та жарасады.

Бұған дейiн де баһадүр рингке оюланған шапан киiп шығатын. Ұлты басқа демесең, қазақы шапан жарасып-ақ тұр. Оған көк туымыз қосылғанда әлемнiң Мэдисон Сквер Гарден секiлдi алып спорт кешендерiнде бүкiл қазақтың рухы кезiп жүргендей қарсыластың да құтын қашырып тастайтын. Бiрақ ғаламтор беттерiнде шапан көршi өзбек халқының дәстүрлi оюымен көмкерiлген деген сын-ескертпелер жиi айтылды.

Шапандағы олқылық шымкенттiк ұлтшыл азаматты бей-жай қалдырмаса керек. Монакода Головкиннiң жекпе-жегi болады дегендi естiп, Еуропаға тартып отырды. Бұл қолында Головкин үшiн арнайы тiгiлген, қазақтың қошқар мүйiз оюымен көмкерiлген шапан-күртешесi бар отырарлық Әбдiмәжит Сыздықбеков деген атпал азамат болатын. Өзi – жанкүйер, қазақтың намысы сынға түсер жарыстарда спортшыларға дем берiп отырады.

Бармаған жерi кемде-кем, Бейжiң, Лондон Олимпиадаларын көзбен көрiп, жеңiмпаздарды алғашқылардың бiрi болып құттықтады. Бұл кiсiмен танысуымыз да қызық. 2013 жылы бокстан Алматыда өткен әлем чемпионатында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайының трибунасында кездестiк. Себепкер болған ауылдас ағам – Сөлтеков Әлiпбек. Әлiпбек ағаның жанкүйерлiгi тiптi бөлек. Телефон арқылы статистикалық мәлiметтер мен спортшылардың бiз бiлмейтiн қыр-сырын айтқанда, аузың ашылып-ақ қалады. Сол кiсi телефонға хабарласып, «спорт туралы жазғың келсе, Әбдiмәжит деген досым бар. Сол кiсiмен Созақтанмын деп барып амандас. Майдалап сыр тартсаң, ақтарылады» деген. Аға сыйлаған халықпыз. Сөзiн құп алдық та, зәулiм спорт ғимаратының жанкүйерлер отыратын секторынан Әбдiмәжит ағамызды кездестiрдiк. Боксқа арбалған азамат «балам, бүгiнгi жарыс бiтсiн, сосын сыртқа шығып емен-жарқын әңгiмелесемiз» дедi. Дәл сол сәтте Бiржан Жақып басты қарсыласы Хосанбай Дусматовпен жұдырықтасып жатқан.

Содан жарыс кестесiн аяқтап, Балуан Шолақ спорт ғимаратының алдында жолықтық. Әбдiмәжит ағамыздың қасында бiрнеше адам бар. Шырамытып тұрмыз. Қасында бокстан Финляндия құрамасының бас бапкерi, ұлты қазақ, түбi кентаулық Асқар Сәрсенбаев пен Бiржанның әкесi – Жақып аға. Тағы бiрнеше кiсiнi таныстырды. Соның бiрi Қанат Исламның алғашқы бапкерi Мұрат Бошайұлы болды. Кiл қазақтар жиналып, спорт, спорт болғанда да боксты әңгiме қылып тұрғанбыз. Ағалардың әңгiмесi құлаққа майдай жағады. Мұрат Бошайұлы Қанаттың боксқа қалай келгенiн еске алды. Финляндияның бас бапкерi Асқар өзге елдiң салт-дәстүрiн, тәй-тәй басқан бокстағы алғашқы жетiстiктерi туралы сыр шертедi.

Әбдiмәжит аға боксты, оның iшiнде өзi көрген екi олимпиаданы әңгiмелеп бердi. «Бiржан ширек финалда Зоу Шиминмен кездескенде жеңiп тұрған. Саясат рөл ойнады ғой. Болмаса кемi олимпиаданың бiр медалi мойнымызда болар едi. Сол кездесуден кейiн Бiржанмен жолықтым. Көзiнен жас мөлт ете қалды. Бiз де бармағымызды тiстеп, көңiлiмiз босап қалды» деп әңгiменi сабақтай түскенде көзден бұл-бұл ұшқан олимпиада алтыны есiмiзге түсiп жасып-ақ қалдық. Сол жерде Әзiрбайжан ұлттық құрамасының мүшелерi өтiп бара жатқан.
91 келi салмақта өнер көрсетiп жүрген, анасы қазақ, өзiмiзге жиен болып келетiн Тимур Мамедовтi тоқтатып алды. Әңгiмеге тартты.

«Жиендiк жасасаң да бiр медальдi алып кет» деп әңгiме аяғын әзiлге бұрды. Мұндай ұмытылмас әңгiмелердi таңды таңға ұрып айта беруге болады.
Мiне, осындай жанкүйер ағамыз тағы бiр азаматтық жасапты. Айтпақшы, ұмытып барады екенбiз, Әбдiмәжит Сыздықбеков өз туған жерi Отырар ауданындағы Шәмшi ауылына «Алпамыс» атты стадион салып берген. Жомарттығы ғой. Ауыл балалары бұлшық еттерiн шыңдасын. Таланттары тасып жатса, үлкен додаларда өнер көрсетер. Ең құрығаны шымыр болады. Болмаса денсаулығын түзер дейдi. Ал, бүгiнгi кәсiпқой бокстан үш бiрдей тұжырым бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинге қазақтың қошқар мүйiздi көк шапанын сыйға тартуы, бүкiл қазақтың атынан боксшы ұлға айтқан алғысы емес пе?!
Монакодан елге келген сәтiнде телефонына хабарласып, шетi жоқ сұрақтарымызды шұбыртып жатырмыз. Сонда бұл кiсi «Ерлан, Генаны жазыңдар. Соны мақтаңдар. Ал, шапанның әңгiмесi ұзақ. Гена мен берген шапанды киiп рингке шыққанда көзiме жас келдi. Генаға, оның командасына рахмет. Ұмытып барады екенмiн. Газетке үлкен әрiппен жазып қой. Жастар уақытын бос өткiзбесiн. Ғылым-бiлiмге ұмтылсын. Бос уақытын спортқа арнасын. Менiң бар айтарым осы» деп айтқаны бар.
Шымкентте тiгiлген шапан Геннадийге жарасып-ақ тұр, ә!..

Ерлан РАЙЫМҚҰЛОВ.

Дерек көзі:  adym.kz

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *