Қымыз түрлерін білесіз бе?

Биенің сүтінен дайындалатын денсаулыққа шипалы әрі жұғымды сусын қымыз – қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішіндегі ең құрметты дастарқан тағамдарының бірі.

Сары қымыз – дертке шипа, денеге күш. Қымыз негізінен жылқы терісінен тігіліп, тобылғы түтінінің ысы сіңген сабада немесе ағаш күбіде ашытылады. Қымыздың ашытқысы қор деп аталады. Дәкіге түйген қорды сабаға не күбіге салып, оның үстіне бір шелектей жаңа сауған салқын саумалды құйып, ыдыстың сыртын жылылап орап тастайды. Қор езіліп саумалға тегіс тарағанда саумалдың дәмі қышқылданады. Сөйтіп, жаңа қор жасалады. Жаңа қордың үстіне салқындатылған (өйтпегенде қымыз ірімтіктеліп кетеді) саумалды құйып, әр жолы саумал құйылған сайын піспекпен жарты сағаттай пісіп, араластырып отырады. Қымыз ашытылатын ыдыстың ішіне қойдың сүрі құйрығын немесе жылқының сүрі қазысы мен семіз жаясын салып жіберсе, қымыз майлы әрі жұмсақ болады.

Әдетте қымыздың өзінен де май шығады. Ол май қаралтқымданып, қымыздың бетінде қалқып жүреді. Іңірде пісілген қымызды жылылап қымтап қойып, келесі күні биенің бас сауымы сауылып болғаннан кейін ғана қотарады. Сабамен күбіні ең кемінде бір рет ыстап отыру керек. Дер кезінде тазартып тұрмаса ысталмаған ыдыс өңезденіп, қымыздан ескі дәм шығып тұрады. Қымыздан бір күнге жетерлік қотарып алғаннан кейін, оның орнына қайта саумал құйылады. Бұл барыс бие ағытылғанға дейін осылай жалғаса береді. Қымыз қотарғанда ыдыстың түбінде жетерлік мөлшерде қор қалуға тиіс. Қымыз дайындау шеберлігіне, сүттің тегіне, уақыт мезгіліне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Осыған орай олардың аталуы да алуан түрлі болады. Оның бастылары төмендегідей:

Уыз қымыз – бұл бие сүтінің уыз дәмі тарамаған кезде ашытылған қою қымыз. Кейде оны май қымыз деп те атаған. Бұл алғашқы қымызды сапыруға ауылдағы үлкен-кіші жиналып, ақ тілек білдіріп, бөліп ішу халықтық салт болған.

 

Сары қымыз – жаз ортасында шөп әбден пісіп, буыны қатқан кездегі қымыз. Бұл кезде қоныс аудару сияқты көшіп-қонудан қымыз көп шайқалып, көп пісіледі де ірімтігі жақсы жазылып, ашуы білінбей, қымыз күші өз бойына сіңген сарғылт болады. Жаңа сабаның иісі, дәмге толған гүл бәйшешек шырындары қымызға ерекше дәм береді. Сары қымызды ішкен адам жадырап, терлегіш, көп ішсе маужырап ұйықтағыш келеді.

Түнемел қымыз – мол қордың үстіне сүт қышқылы арнаулы торсықта сақталып, екі тәулік сапырылған, пісуі жеткен қымыз. Түнемел қымыз асықпай отырып, ұзақ мәжілістерде ішуге даярланады. Оның қыздыратын күші болады.

Құнан қымыз – үш тәулік бойы ашытылады. Ол саумал ішпейтін адамдарға беріледі. Кейде ол ас пен тойларға апару, ұзақ отырыста ішіп отыру үшін дайындалады. Төрт тәулік бойы ашытылған қымыз дөнен қымыз, бес тәулік бойы ашытылған қымыз бесті қымыз, онан күштісі асау қымыз деген күшті қымыздар да көбінесе сондай мәжіліс, тойларға арналып ашытылған.

Саумал баяу ашытылған немесе ащы қымызға жаңа сауған бие сүтін қосып пісу арқылы жұмсартылған, қарттар мен балаларға арналған қымыз.

Қысырдың қымызы – бұл әдетте, қыс айларында ауру адамға немесе үлкен той-думандарға, кейде өте сыйлы қонақтарға арнап, жазда қысыр қалған, бірақ тайы еміп жүрген биелердің сүтінен ашытылады.

Қорабалы қымыз – қордың үстіне сүт құйып, бірнеше күн жиналған мол қымыз, оны қорланған қымыз деп те атайды.

Бал қымыз – қымызға тәттілік беру үшін, бал, қант, өрік, мейіз қосып піседі. Бал қымыз көбінесе сырқат адамға, балаларға, сондай-ақ жаңа босанған әйелдерге арналады.

Қысырақ қымыз – бірінші рет құлындаған биенің сүтінен ашытылатын қымыз. Қарағанда әлде қайда қуатты болады. Қысырақ қымызды әдетте ту қымыз деп те атайды.

Сірге жияр қымыз – бие ағытылар кездегі ең соңғы қымыз. Бие алғаш байланып, уыз қымыз ішерде бір той болса, бие ағытылып, сірге жияр қымызды ішерде тағы бір той болады.

 

Дерек көзі: minber.kz

419 рет оқылды
  • 29
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.