Алыс туыстан жақын көрші артық

Көрші — қонысы ортақ, етене араласып, күнделікті жүзбе-жүз кездесіп, аман-саулық сұрасып жүретін кісілеріміз. Қазақ халқы «көршіні Құдай қосады» дейді. Жаңа орынға көшіп келісімен ерулік беріп, қоныс тойын жасау дәстүрінде де ең әуелгі ниет — көрші қолаңдармен танысу болған. «Адам күні — адаммен» демекші, күнделікті өмірде әркім-ақ көршіні қажетсінеді. Өйткені, бір іс туып қиналғанда, бір нәрсе қажет болғанда ең алдымен көршілерден көмек сұрап жатамыз. Көршімен сыйластық — елдің сыйластығын, көршімен татулық — қоғамның татулығын ұқтыратындықтан, ислам діні көршімен жарасымды сыйластықта болуға шақырады.

Көршімен жақсы тұру — Алла тағаланың әмірі. Бұл туралы қасиетті Құранда: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедейкепшіктерге, жақын көршіге, алыс көршіге, жаныңдағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыларға, қолдарыңа қарағандарға (қызметшілерге) жақсылық жасаңдар. Алла дандайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді» делінген («Ниса» сүресі, 36-аят).

Байқасаңыздар, аятта құлшылық, ата-ана мен туыстарға жақсылық жасау секілді әр мұсылманға тиесілі жоғарғы міндеттердің қатарында көршінің де аталуы тегін емес. Бұл көрші ақысына көңіл бөлудің дінімізде үлкен рөл атқаратынын ұқтырады.

Аяттағы «көрші» (арабшасы — жар) ұғымына кімдер жататындығына орай, көршілердің мынандай жіктелуі жасалған:

Есігінің аузы тым тақау көрші басқаларға қарағанда анағұрлым жақын болып есептелген. Туыстығы бар немесе үйлері бір-біріне жақындар «жақын көрші» деп аталған. Үйлері бірбіріне жақын да, алыс та емес, өзге діндегілер «алыс көршіге» жатқызылған.

Айша анамыз (р.а.) бұның төңіректегі қырық үйлік ара-қашықтық екенін айтқан. Көрші ақысы осы қашықтыққа тән екенін білдірген. Ал Әли (р.а.) адамның даусы жететін жердегілердің бәрі көрші болып саналатындығын білдірген.

Исламда көршілер өздеріндегі ақыларына қарай үш түрге бөлінеді:

Үш түрлі ақысы бар көршілер: әрі туыс, әрі мұсылман кісілер. Бұлардың көршілік, туыстық және мұсылмандықтан туатын үш түрлі ақысы бар.

Екі ақысы бар көршілер: туыстығы жоқ мұсылмандар. Олардың көршілік әрі мұсылмандық ақысы бар.

Бір ғана ақысы бар көршілер: не туыс, не мұсылман еместер. Олар өзге дінге жататындар. Олардың көршіліктен туатын бір ғана ақысы бар (Хилиятул-әулия. Т.5. Б.201).

Демек, көрші ұғымына мұсылман, еврей, христиан секілді наным-сенімі, ұлты, нәсілі, түсінік-танымы әр түрлі кісілердің бәрі жатады.

Қамшының сабындай қысқа ғұмырда елмен тату-тәтті тіршілік кешіп, жақсы көрші бола білудің өзі үлкен сын. Өйткені, ол иманның беріктігі мен ізгі мұсылманшылықтан туады. Бұл турасында жеткен мазмұнды хадистер көп. Солардың бірінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көрші туралы Жәбірейіл періштенің кеңесті үйіп-төккені сонша — мен апыр-ай, көршіні көршіге мұрагер етпес пе екен деген ойға қалдым» деген (Бұхари, Әдаб, 28). Одан басқа «Көршілеріңмен көршілігіңді жақсарт, шынайы мұсылман боласың» (Ибн Мажә, Зүхд, 24, ІІ, 1410.), «Екі көршің бір уақытқа шақырған болса, алдымен ең жақынына бар. Ал бір уақытқа басқа кездерде шақырылсаң, онда бірінші болып шақырған көршіңе бар» деген хадистер жақсы мұсылман болудың жақсы көршілікпен тығыз байланыстығын ұқтыруда (Әбу Дәуд, Әтима, 9, IV, 134).

Жақсы көрші бола білудің жарқын мысалын имам ағзам Әбу Ханифаның өмірінде кездескен мына бір мысалдан айқын аңғара түсеміз.

Имам ағзам Әбу Ханифаның маскүнем бір көршісі бар еді. Күнде дабырлап сөйлеп, жанұясында жанжал шығарып, имамның мазасын алатын. Сол жігіт бірде абақтыға қамалады. Имам мән-жайды біліп, қаланың әкіміне жолығып, көршісін босатыпты. Екеуі бірге қайтып келе жатқанда, қылығына ұялған жігіт «Өзіңізге жамандығы болмаса, жақсылығы жоқ адамды неге босатып әурелендіңіз?» — деп сұрапты. Сонда үлкен парасат иесі имам: «Жігітім, сен қандай адам болсаң да, менің көршімсің. Көршіге жақсылық жасау — мұсылмандардың міндеті. Мен өз міндетімді ғана орындадым. Қайта кешірек естіп, кештеу қамдандым ба деп өкініп келемін», — деп жауап беріпті.

Кейіннен әлгі жігіт тәубаға келіп, имамның шәкірті болған деседі.

Иә, мұсылман адам өмірде көршімен арадағы сыйластығына қатты мән беруі тиіс. «Адал көршісі бар алаңсыз ұйықтайды», «Көршім саңырау деме, құлағына шалынар», «Көршінің итін ұрғаның өзін ұрғанмен тең» демекші, көршісіне адал болуға, оны ренжітпеуге, сыртынан жамандамауға, көңіліне келетін іс-әрекеттер жасамауға, залалын тигізбеуге тырысуы керек.

Әбу Хұрайра риуаят еткен мына бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уаллаһи, мүмин емес, уаллаһи, мүмин емес, уаллаһи мүмин емес», — деп кейиді. «Кімді айттыңыз?», — деп сұрағанда, «Көршісіне залал тигізетін адам», — деген (Бухари, Әдаб, 29).

Тағы бір хадисте «Аллаға, қиямет күніне сендім деген адам көршісін сыйласын», — деп өсиет етілген (Бухари, Әдаб, 31, VII, 79).

Жақсы көрші бола білу көңілдің әрін, тіршіліктің нәрін, өмірдің сәнін келтіріп, адам жанына шуақты сезім ұялатады. Айналадағы ел-жұртпен жарасымды сыйластық өмір сүруге деген құштарлықты арттырады. Көп жағдайда жақсы көрші туыстан да артық саналған. Атабабаларымыз бұны «Алыс туыстан жақын көршің артық» деп білдірген. «Атың жаман болса, сатып құтыларсың, көршің жаман болса, қайтіп құтыларсың?!» деп, өмірлік тәжірибелерінде үй алмай тұрып кіммен көрші болатынына мән берген. Дәл осы тұста «Жақсы көршіге қандай адам жатады?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Оның жауабы көршілердің бір-біріне деген ыстық ықыласы мен пейілінде. Жақсы көрші осы құқықтарға көңіл бөлген адам деуге болады.

Бұл тұрғыда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла есебінде достардың ең жақсысы — досына ең қайырлы, пайдалы болғаны. Алла есебінде көршілердің ең жақсысы — көршілеріне ең қайырлы болғаны» деген (Ахмад, Тирмизи, Хаким (Ибн Омардан) 250, Н. 151.). Осы себепті халқымыз «Көрші ақысы — тәңірі ақысы» деп, оған аса мұқият қарауға тырысқан. Ірі мұсылман ғалымы Имам Ғазали бұл жайлы былай деген: «Көрші ақысы көршіге жамандық жасамаумен ғана шектелмейді. Бұған қоса, көршіге әрдайым жақсылық жасау да осының аясына кіреді. Мұсылмандықта көршіге сыпайы мінез таныту, көршімен кездескенде онымен амандасу, ауырғанда халін сұрау, қайғысын бөлісу, қуанышына ортақтасу, жолаушылап кеткенде үй-ішіне бас-көз болу, балаларына жақсы қарау, айыбын әшкерелемеу, дінге не күнделікті тіршілікке қатысты ақыл сұраған істерде дұрыс жөн сілтеу т.б. — бәрі де көрші ақысына жатады» (Ғазали, Ихияуулумуддин, ІІ, 271-272, Каир, 1386).

Әбу Зәрдан жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Ей, Әбу Зәр! Сорпа қайнатсаң суын көбірек қос, сөйтіп жағдайы нашар көршілеріңе де сорпаңнан беріп, жақсылық жаса» деген (Мүслим, Бирр, 143, ІІІ, 2025). Бұл өз жағдайыңды қалай ойласаң, көршіңнің де жағдайын дәл солай ойлауға тырыс. Өйткені, «көршің аш бұратылып жатқанда, сенің тоқ жатуың мұсылмандыққа сай емес» дегенді білдіреді.

Көрші — адамның күнделікті өміріне, елмен араластығына, жақсы-жаман істеріне, пейіліне, адамгершілігіне т.б. бірден-бір куә адамдар. Көршілердің куәгерлігі ақырет үшін де аса маңызды болып есептеледі. Бір хадисте: «Бір мұсылман қайтыс болғанда, көршілерінен үш кісі ол жайлы жақсы куә болса, Алла тағала былай дейді: «Осы білгендерін құлдарыма куә ретінде қабыл алдым. Немесе «Бұл құлымның Өзім білетін күнәларын кештім» деп бұйырады» делінген (Ахмед, ІІ, 291, VI, 159.).

Әбу Хұрайраның риуаяты бойынша, бір кісі келіп, ең жақсы амалдың не екенін сұрағанда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Жақсы адам бол», — деді. Ол: «Жақсы болғанымды қайдан білем?», — дегенде, «Көршілеріңнен сұра, егер олар сенің жақсы екеніңді айтса, жақсы болғаның. Жаман екеніңді айтса, жаман адам болғаның», — деді.

Демек, жақсы-жаман екендігіміздің өлшемі көршілерімізден белгілі болатынын ескерудің мәні зор.

Тарихқа үңілсек, кеңестік идеология бүлдіргенге дейін қазақта ғасырлар бойы жалғасып келген аяулы көршілік дәстүрі былай суреттелген:

«Кезінде халқымыздың терең мәнді, келісті, әдемі салт-дәстүрі бар еді. Көршілер күнде ертемен бір-бірінің тықырын естіп, төбесін көрісімен дауыстап сәлемдесіп, қол берісіп амандасатын еді. Кешқұрым да, күндізгі шаруаларын жайғасқан соң, үлкендер ауыл сыртында бас қосып, жаңалықтарын айтысып, осы күнгіше айтқанда, «ақпарат алмасып», бір-біріне, тұтас ауылға қатысты ертеңгі істерін келісетін еді. Аз уақыт болса да әңгіме-дүкен құрып, қалжыңдасып бір жасап қалатын. Кішкентай балалар да үлкендердің осы бір шүйіркелесулерін мерекедей көріп, мәз болып, араларында жүретін. Көршіліктің жан марқайтар рухын жүректеріне дарытып, кейін үлкейгенде, соны өздері айнытпай қайталайтын еді.

Алыстан ағайын, құда-жегжат, құрметті қонақ келе қалғанда немесе үй иелерінің бірі сапардан оралғанда, көршісі сәлем беріп шығатын еді. Отағасының өтінішімен қонақтармен бірге отырып, әңгімелесіп, өткен-кеткенді айтысып, кейде оны ән-жыр, терме, дастандарға, күйге ұластыратын. Осының бәрі балаларға ел өмірі, тіл-өнер туралы сабақ, салт-дәстүр, тарих мектебі, әдеп-инабат тағылымы болып саналады. Олар — зорлаусыз, міндеттеусіз, сұраусыз, бірақ жас баланың жан дүниесін баурап алып, ақыл-ес және көркемдік-сезімдік зердесінде өшпестей болып жазылатын дәрістер болған.

Сырқаттанып қалғанда көңіл сұрау, той-томалақ, өлім-жітімді атқарысу өз алдына, үлкендері жолаушы кеткен көршінің отбасына қарайласып, бас-көз болып, шаруасын, мал-жанын түгендеп, ақыл-кеңес беріп, шамасы жетпей, қолынан келмей жатқан жерлерін жөндеп жіберетін еді. Момын, әлсіз, ауру, жас немесе кәрі көршінің біреуде кеткен есесін іздеп, қуысатын еді. Соғымға сойылған малдың басына шақырысып, әйелдер жағы дәмді, әуес тағамдарын бір-біріне аяқ-табақпен балаларынан беріп жіберетін еді. Ауық-ауық бір-біріне дәм татқызар еді. Мұның бәрі ара дәнекер, ынтымақ, ауызбірлік ұйытқысы, сенім кепілі рөлін атқаратын, нақты мәнге ие болатын» (Әдептану. Ұ. Асылов. Ж. Нұсқабайұлы. «Мектеп» баспасы. 1998. Б. 175-176.).

Иә, қазақ көршімен сыйластық негіздерін исламнан алған. Өйткені, бұл ислам ғалымдарының хадистер негізінде жоғарыда атап көрсеткен көршімен арадағы сыйластықтың жалпы әдептерімен толық сәйкеседі.

Қорыта келгенде, қоғамның бейбіт өмірін жақтайтын ислам діні жоғарыдағы аят-хадистер негізінде мұсылмандарды көршімен тату-тәтті тұруға шақырған. Көршімен татулық мұсылмандардың бір-бірімен татулығы мен сыйластығын, бауырмашылдығы мен ағайынгершілігін сақтайды. Біле-білгенге ол да өмірдегі сынақтардың бірі.

Алла тағала бұл дүниеде де жақсы көршілер нәсіп етіп, ақыретте де сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед мұстафамен (с.ғ.с.) көрші болуды баршамызға нәсіп еткей!

Құдайберді Бағашар, дінтанушы.

дерек көзі: oko-meshit.kz

248 рет оқылды
  • 49
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.