«ЖАҢАШЫЛ МҰҒАЛІМ – 2023» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

 

Шымкент қаласында орналасқан «Intellect» физика-математикалық мектеп-лицейінде «Жаңашыл мұғалім – 2023» байқауы өтті.

Байқау мұғалімдердің өскелең ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беріп жүрген кәсіби шеберлігін жетілдіріп, педагог мамандығының мәртебесін арттыру, насихаттау және озық педагогикалық тәжірибені тарату мақсатында өткізілді.

Осы ретте «Intellect» физика-математикалық мектеп-лицейі ұжымының ұйымдастыруымен жан-жақты, талантты, білімді педагогті анықтаған байқауға 5 ұстаз қатысып, өз білімдері мен біліктіліктерін сарапқа салды.

Сайыс жалпы бес кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар өздерін таныстырып, көшбасшылық қасиеттерін, кәсіби біліктіліктерін, шығармашылық шеберліктері мен белсенділіктерін әр қырынан жан-жақты көрсетті. «Сабағым — кәсіби тұжырымымның айнасы» атты екінші кезеңде өз іс-тәжірибелері негізінде заман талабына сай әдіс-тәсілдер үлгісімен бөлісіп, өздерінің кәсіби шеберліктерін (ашық сабақ, панорамалық сабақ элементтері, видеотүсірілім арқылы) көрсетті. Үшінші кезеңде педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға арналған тапсырмаларға жауап берсе, төртінші кезеңде өз өнерлерін ортаға салды. Соңғы «Мектеп келешегі — менің қолымда» атты кезеңінде оқу-тәрбие үдерісін жақсарту бойынша өздерінің мақсаттары және жоспарларымен бөлісті.

Байқаудың бас жүлдесін биология пәнінің мұғалімі Ж. Мырзахметова жеңіп алса, жүлделі І орынды жан-жақты ізденісімен көзге түскен Г. Мамырқұл иеленді. Екінші орынға ағылшын тілінің маманы Ә. Қошқарбайқызы жайғасса, ІІІ орынды он саусағынан өнер тамған көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ұ. Яхшиликова мен сандардың сырына қанық еткен математика пәнінің мұғалімі Н. Айтбаева өзара бөлісті.

Барлық жүлдегерге мектеп әкімшілігі тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды.
«Алты алаштың баласы бас қосса, төр — мұғалімдікі», — деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, шәкірттерінің бойына адамгершілік асыл қасиет пен тәлім-тәрбиені дарытып, білім нәрімен сусындатқан жылы жүректі ұстаздарға шығармашылық табыс тілейміз!