ТУРИСТЕРДІҢ НАЗАРЫ – ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ

Шымкент – туристік әлеуеті жоғары қала. Қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыровтың айтуынша, биылғы 6 айда Шымкентке 216 249 турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,7 пайызға жоғары. Оның ішінде 200 549 адам ішкі турист болса, 15 700 адам – шет ел азаматтары. Ал 9 айда өңірге 300 000-ға жуық турист келетіні күтіліп отыр.
–Жалпы туристерді қабылдау көрсеткіші бойынша Шымкент қаласы республикада Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейінгі үшінші орында. Шет мемлекеттерден келетін туристердің басым бөлігін Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия және Қытай азаматтары құрайды. Ал «E-qonaq» туристерді тіркеу бірыңғай жүйесінің мәліметтеріне сүйенсек, шетелдік туристердің ең көп келетін мерзімі – наурыз айы, – дейді Ерлан Ермекұлы.
Шымкентке келетін туристердің қатарын көбейту үшін қаланың туристік әлеуетін жарнамалау үлкен маңызға ие. Басқарма басшысының айтуынша, бұл жұмыс негізгі 4 бағыт бойынша жүргізіліп жатыр.
Біріншіден, жыл сайын қаланың көрікті жерлері туралы интерактивті альбом шығарылып тұрады. Аталған жарнама құралы арқылы турист өңіріміздің туристік нысандары туралы ақпаратты бір кітапта арнайы бейнероликтер түрінде 3 тілде ала алады.
Екіншіден, өңірдің туристік өнімдерін ішкі және халықаралық нарықта ілгерілету мақсатында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өткен қазақстандық халықаралық көрмелерде Шымкенттің арнайы стенді ұйымдастырылып, таныстыру жұмыстары жүргізілген. Нұр-Сұлтан қаласындағы көрмеде қала стенді «Ең үздік стенд дизайны», ал, Алматы қаласында «Үздіктердің үздігі» номинацияларын жеңіп алды. Сондай-ақ, Ақтау қаласында өңіраралық туристік бизнес өкілдерімен кездесу өтіп, Шымкенттің туристік әлеуеті туралы презентация жасалған.
Бұдан бөлек Катар, Әзірбайжан, Грузия және Түркияда арнайы роуд-шоу ұйымдастырылып, Шымкенттің көрікті жерлерінің таныстырылымы өткен. Және екіжақты келіссөздер мен бауырластық, серіктестік байланыс орнату, ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізіліпті.
–Үшінші бағыт – «Бақытты қалаға саяхат» конкурсы. Қаланың танымалдығын арттырып, туристерді тарту мақсатында әлеуметтік желілер арқылы өтетін конкурс бүгінге дейін 5 рет ұйымдастырылды. Оның ішінде екі жеңімпаз еліміздің Ақтау және Нұр-Сұлтан қалаларының тұрғындары, сондай-ақ, 1 жеңімпаз Катар мемлекетінің азаматы. Олардың барлығы қалаға келіп, арнайы экскурсиялық бағдарламаға қатысып, өңірдің туристік нысандарымен танысты. Қалған 2 жеңімпаз Баку және Алматы қалаларының тұрғындары. Олар қыркүйек айында Шымкентке келеді, – дейді басқарма басшысы.
Төртіншіден, балалар жылының аясында «Visit Shymkent» орталығының ұйымдастыруымен қаңтар-маусым айларында балаларға арналған 50 туристік экскурсия ұйымдастырылып, оған жалпы 2 500 мектеп оқушысы қатысты.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, басқарма әуе борттарында аудиохабарламалар мен мақалалар жариялау, жарнамалық-ақпараттық материалдар шығару, роликтер дайындау секілді жарнама жұмыстарды да тұрақты негізде жүргізіліп отыр.