ТҮРКІСТАНДАҒЫ «ЭТНОАУЫЛ» КЕШЕНІНДЕ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕР НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН АТАП ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласындағы «Этноауыл» кешенінде Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Наурыз күні мерекесіне арналған «Наурыз – татулықтың түпқазығы» атты мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік шарада ұлттық спорт түрлерінен ойындар көрсетіліп, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерімен танысу, этномәдени бірлестіктер мүшелері өнерпаздарының концерттік бағдарламалары ұсынылды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев көпшілікті мерекемен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға рухани елорда мәртебесін беру бастамасын көтерген болатын. Осы мәртебенің мән-маңызын арттыру мақсатында Ұлыстың Ұлы күні – Әз Наурыз мерекесін түрлі шаралармен көмкеріп, ерекше өткізуді мақсат еттік. Наурыз – өзара түсінікті, мейірімділік, бірлік, татулық пен келісімді бейнелейтін айрықша мереке. Адамдардың бір-біріне деген бауырмалдығын арттыратын қасиеті бар. Бүгінде Түркістан өңірінде 2 миллионнан астам тұрғын тұрады. 50-ге жуық этнос өкілдері татулықты сақтап, берекелі тіршілік кешуде. Облыс бойынша Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанында 11 облыстық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бүгін қазақ тарихында айрықша орны бар Түркістан төрінде сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Баршаңызға мереке құтты болсын. Қазақстанымыз өркендей берсін! – деді Бейсен Дәулетұлы.
Мерекелік жиында ақсақалдар алқасы, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен құрылымдардың төрағалары құттықтау сөзін сөйледі. Сонымен қатар қазақтың және этномәдени бірлестіктердің қолөнер бұйымдарының көрмелері мен ұлттық тағамдар көрмесі де қойылды.
– Мен Қазақстанда туып-өстім. Ата-бабаларымыздың Наурыз қарсаңында тазалықтан бастайтын салты бар. Күн мен түн теңескен күні кішілер үлкендермен амандасып, жүздесіп, мерекемен құттықтаймыз. Олардың сый-сыяпаты мен батасын аламыз. Бүгін біз көрмеде Наурызға қалай дайындалатынымызды көрсетіп, әзірбайжан халқының қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарын ұсындық. Бұл мейрамға мұқият мән беріп қатысып, атап өтеміз. Мерекеде тілерім, Қазақстанымыз, Түркістанымыз көркейе берсін! – деді Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі Зарнишан Мұхаррамқызы.
Мерекеде «Наурыз бата» беру дәстүрі көрсетілді. Түркістандықтар Алматы облысына «Қош келдің, Әз Наурыз» атты құттықтау челенджін жолдады. Келген қонақтар мен қала тұрғындары наурыз көжеден дәм татып, ұлттық ойындардан сайыстар өтті. Белсенділік танытқан этнос жастарына қазақтың ұлттық нақышта жасалған қолөнер бұйымдары тарту етілді.