ТҮРКІСТАН: БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН АУЫЛДАР НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН БІРГЕ АТАП ӨТТІ

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі Түркістан облысында ерекше аталып өтуде. Он күнге арналған іс-шара жоспары аясында Кентау қаласына қарасты Қарнақ және Сауран ауданына қарасты Шекербұлақ ауылдарының бірге ұйымдасуымен мерекелік іс-шара өтті.

Іс-шараға әкімдер, зиялы қауым өкілдері, адрагерлер, этномәдени бірлестіктер өкілдері, жастар, өнерпаздар мен тұрғындар қатысты. Қала әкімі Жандос Тасов бастаған кентаулықтар Сауран ауданынан келген қонақтарды салт-дәстүрге сай күтіп алды. Салтанатты жиында әкімдер ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтті.

– Еліміз – көпұлтты мемлекет. Сол этностардың барлығы бір шаңырақ астында ынтымақта өмір сүріп келеді. Ынтымақ пен бірлік бар жерде тіршілік дами түседі. Барлығымыздың ортақ мүддеміз – елге қызмет ету. Әрдайым ынтымақта, бірлікте, достықта болуымыз қажет. Қазақ халқы Наурыз мерекесінде игі істерді атқарып, ерекше атап өткен. Бүгінгі мерекелік іс-шара да елге жылулық сыйлайды деп сенемін, – деді Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев.

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов осындай игі шаралар жалғасын табатынын жеткізді.

– Достық пен бауырластыққа жетелейтін бүгінгі шара алдағы уақытта үрдіске айналады деп ойлаймын. Тарихы терең екі ауыл тұрғындары ынтымақ пен бірліктің туын желбіретіп, келешегі кемел еліміздің дамуына еңбек етеді деп сенім білдіремін, – деді қала басшысы.

Мерекелік игі шарада киіз үй тігіліп, ұлттық тағамдар әзірленді. Жас спортшылар сайысқа түсіп, мықтыларды анықтады. Өнерпаздар әсем әуендер шырқап, ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Айта кетейік, Қарнақ пен Шекербұлақ – бір-бірімен тығыз байланыстағы көршілес ауылдар. Қарнақ – ежелден өндірісі дамыған қалашық. Бұл жерде шойын қорыту, қорғасын балқыту, оқ-дәрі жасау кәсібі болғаны деректерден белгілі. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалған атақты Тайқазан осы Қарнақта құйылған.

Шекербұлақ – Сауран ауданы, Жүйнек ауылдық округі құрамындағы ауыл. Қарнақ елді мекенінен 3-4 шақырым жерде суы шекер мен балдай бұлақтары бар жасыл желекті аймақтың орналасқандығы туралы айтылады. Суының ерекшелігіне байланысты жергілікті тұрғындар ол жерді Шекербұлақ деп атаған.