ТҮРКІСТАНДА «KAZAGRO/KAZFOOD TURKISTAN 2023» I ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САУДА КӨРМЕ-ЖӘРМЕҢКЕСІ БАСТАЛДЫ
Наурыз мерекесі қарсаңында қасиетті Түркістан төрінде «KazAgro/KazFood Turkistan 2023» I халықаралық сауда көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Бұл көрме-жәрмеңкесі халықаралық көрме ұйымдастырушы «Expo Group» компаниясы және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп отыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көпшілікті Наурыз мерекесімен және халықаралық көрме-жәрмеңкесінің ашылуымен құттықтады.
– Бүгін Орта Азия мен Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі – Түркістанда алғаш рет «KazAgro/KazFood Turkistan2023» бірінші халықаралық сауда көрмесі өтіп жатыр. Қаламыз Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда керуендерінің сауда орталығы болған. Түркістан өңірінде бизнесті, туризмді дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар. Сондықтан, бүгінгі ұйымдастырылып отырған осы сауда көрменің маңыздылығы жоғары. Көрменің мақсаты – қатысушылар арасында байланыстар орнатып, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және қызмет көрсету салаларын дамыту. Бүгінгі іс-шарада 100-ге жуық жергілікті және шетел кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынып отыр. Еліміздің әр қиырынан қонақтар арнайы келді. Біз ауыл шаруашылығын дамытуға, жобаларды талқылап, жүзеге асыруға әрқашан дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек пен «Expo Group» Халықаралық көрме компаниясының директорының Шолпан Қожабаева да құттықтау сөз сөйлеп, бұл көрмеде маңызды келісімдер жасалатынына сенім білдірді.
Түркістан төріндегі көрме-жәрмеңкесіне еліміздің танымал кәсіпкерлері мен инвесторлары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері қатысып жатыр. Шетелден де қонақтар бар. Әр кәсіпкер мен компания өздерінің ең сапалы өнімдерін алып келген. Көрме-жәрмеңке аясында бірқатар меморандумға қол қойылып, іскерлік байланыстар орнатылады деп күтіліп отыр.
Осы күні сағат 11.00-17.00 аралығында «Керуен сарай» кешенінде «Ұлттық гастрофестиваль», қайықтар, субұрқақтар шоуы өткізіледі деп жоспарлануда.
20 наурыздан 22 наурызға дейін жалғасатын халықаралық көрме-жәрмеңкесінде түйелер шеруі, ат спорты ойыны, этноқалашықта іс-шаралар, концерттік бағдарламалар мен шоулар өтеді. Одан бөлек, спорттық бағдарламалар мен ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылып, қасиетті орындар мен кесенелерге саяхат жасалмақ. Шығыс тағамдарының дәмін тату, қолөнер шеберханаларымен танысу сияқты іс-шаралар қолға алынады. Бұл іс-шаралар жалпы туризм мен агротуризмнің дамуына оңынан ықпал етеді. Сонымен бірге асыл тұқымды ірі қаралар таныстырылады. Форум шеңберінде бүгінгі күнгі ең өзекті мәселелер талқыланады. Атап айтсақ, сапалы тұқым шаруашылығы, тұқыммен қамтамасыз ету, су үнемдеу технологиясы, етті экспорттау, өнімділікті арттыру технологиясы тағы басқа мәселелер жан-жақты зерделенбек.