ШЫМКЕНТТЕ ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕРДІҢ ӨҢІРАРАЛЫҚ КӨРМЕ-ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТІП ЖАТЫР

Бүгін «Көрме» орталығында Шымкент, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстары тауар өндірушілерінің қатысуымен өңіраралық көрме-жәрмеңкесі өтуде.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов жаңа серіктестіктерге жол ашатын, тұтынушыларға отандық өнімдерді кеңінен таныстыруға мүмкіндік беретін іс-шараға арнайы қатысып, тауар өндірушілерге қолдау білдірді. Көрме-жәрмеңкесінде тамақ, жеңіл өнеркәсібі, құрылыс материалдары мен агро-өнеркәсіп кешенінің 100-ден астам кәсіпорны өз өнімдерін ұсынуда.

Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған алаңда нарықтағыдан 10-15 пайыз арзан саудаланып жатқан тауарларды алуға келген халықтың қарасы қалың.

Айта кетейік, былтырғы жылы қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 937 миллиард теңгеге жетіп, 2021 жылға қарағанда өсім 5,9% құрады. Мегаполисте қазір 2 мыңға жуық өнеркәсіпорны жұмыс істеп тұр. Олардың 80%-ы өңдеу өнеркәсібімен айналысады. Қаламыз бүгінде мақта майын, мақтадан жасалған мата, дәрі-дәрмек, цемент клинкерлерін, мұнай өнімдерін өндіруде республикада 1-орын, өңделген шай және кофе, тазартылған күнбағыс майы, шыны ыдыс, макарон өнімдерін өндіру бойынша 2-орынды иеленуде.