Түркістанда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және мектепке дейінгі білім беру мәселелері талқыланды
Түркістан қаласында «Әйелдер кәсіпкерлігі. Білім беру – бірлескен шешімдер» тақырыбында өңірлік кездесу өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитетінің бастамасымен ұйымдастырылып, мемлекеттік органдардың өкілдерін, кәсіпкерлерді, білім беру саласының мамандарын және өңірдің іскер әйелдерін бір алаңға жинады.
Кездесудің басты мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың мемлекеттік және институционалдық тетіктерін түсіндіру, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі Жол картасы жобасын талқылау, өңірдегі өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу және мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығы арасындағы өзара байланысты нығайту.
Форумды Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев ашып, өңірлік кездесулердің әйелдер кәсіпкерлігін дамытудағы маңызына тоқталды.
«Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту – бұл тек бизнесті қолдау емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға салынған инвестиция. Бүгінгі кездесудің басты құндылығы – кәсіпкерлердің ұсыныстары мен пікірлері тікелей тыңдалып, нақты шешімдер қабылдауға негіз болып отыр. Ал мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеріп, адал бәсекелестік ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. Біз кәсіпкерлерді бұл өзгерістерге бейімдеу бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз.» — деді ол.
Кездесу барысында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитетінің төрайымы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі Ләйлә Күленова әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен білім беру саласындағы әріптестіктің маңызын кеңінен баяндады.
Сонымен қатар Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының атқарушы директоры Наталья Мишукова қауымдастықтың негізгі қызмет бағыттары туралы ақпарат берсе, Түркістан облысы Білім басқармасы мен Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау тәртібі мен заңнамадағы өзгерістерге тоқталды.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін мектепке дейінгі ұйымдарды міндетті лицензиялау мәселесі болды.
Бүгінде Түркістан облысында 1441 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 303-і мемлекеттік, 1138-і жекеменшік балабақша. Жалпы ұйымдарда 153 мыңнан астам бала тәрбиеленіп, 13 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Бұл ретте өңірдегі мектепке дейінгі ұйымдардың 78 пайызын жекеменшік сектор құрайды.
Алайда лицензиялау қарсаңындағы ең өзекті мәселелердің бірі – кадрлық әлеует. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтердің небәрі 28,6 пайызының ғана біліктілік санаты бар, ал қалған 71,4 пайызы санатсыз жұмыс істейді. Бұл жаңа лицензиялық талаптарды орындаудағы негізгі кедергілердің бірі ретінде бағалануда.
Осыған байланысты облыста бірқатар жүйелі шаралар қолға алынған. Наурыз айында барлық аудан мен қалада түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, лицензиялаудан өтудің кезеңдік алгоритмі бекітілді. Сонымен қатар педагогтердің біліктілік санатын арттыру және уақытылы аттестаттаудан өту жұмыстарын күшейту көзделген.
Жиында ваучерлік қаржыландыру жүйесінің енгізілу барысы да сөз болды. Қазіргі таңда бұл жүйе Түркістан қаласы, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Сайрам және Қазығұрт аудандарында іске қосылған. Алдағы кезеңде тағы 11 аудан аталған жүйеге кезең-кезеңімен көшеді.
