ОТЫРАР – ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАҚТА ӨНЕРКӘСІБІНІҢ ЖАҢА ДАМУ НҮКТЕСІ. МИНИСТР АЛҒАШҚЫ ТОЛЫҚ ЦИКЛДІ МАҚТА-ТОҚЫМА КЛАСТЕРІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді әртараптандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және экспорттық әлеуетті арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында аграрлық секторда шикізат экспортынан дайын өнім өндіруге кезең-кезеңімен көшудің, жаңа өндірістер ашудың және жоғары технологияларды енгізудің маңыздылығын бірнеше мәрте атап өтті.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар бүгінде Түркістан облысында қарқынды жүзеге асырылып келеді. Әсіресе мақта шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, өнімді толық цикл бойынша өңдеу және халықаралық нарыққа дайын өнім шығаруға бағытталған жобалар өңір экономикасының дамуына тың серпін беруде.
Осыған орай Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Басқосуда мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, аграрлық ғылымды өндіріспен ұштастыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелері кеңінен талқыланды.
Министр өз сөзінде мемлекет тарапынан аграрлық секторды қолдауға арналған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аграршыларға қолдау көрсетудің кең ауқымды құралдары ұсынылуда. Бұл шаралар өндіріс көлемін ұлғайтып, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған, – деді Айдарбек Сапаров.
Жұмыс сапары барысында министр Отырар ауданына арнайы барып, Қазақстандағы алғашқы толық циклді мақта-тоқыма кластерінің жұмысымен танысты.
Бүгінде Отырар ауданы – тек тарихи мекен ғана емес, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті ұштастыра білген, инвестициялық әлеуеті жоғары, заманауи өндірістер қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Соңғы жылдары ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында ауыл шаруашылығын жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Осының нәтижесінде Отырарда еліміз үшін стратегиялық маңызы бар ірі инвестициялық жобалардың бірі – «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасы жүзеге асырылуда.
Жобаның жалпы құны – 146,8 миллиард теңге.
Бұл жоба Қазақстандағы алғашқы толық өндірістік циклге негізделген мақта-тоқыма кластері болып табылады. Оның ерекшелігі – мақта өсіруден бастап, оны терең өңдеу, жіп иіру, мата өндіру және дайын өнім шығаруға дейінгі барлық өндірістік кезеңдердің бір кешенде жүзеге асырылуы.
Мұндай өндіріс еліміздің өңдеу өнеркәсібін дамытуға ғана емес, импортқа тәуелділікті азайтуға, қосылған құны жоғары өнім өндіруге және экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба аясында биыл мақта 50 мың гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясын пайдалану арқылы егілді.
Бұл – қазіргі климаттық өзгерістер жағдайында аса маңызды шешімдердің бірі. Су ресурстарын үнемдеу, әрбір гектардың өнімділігін арттыру және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану – заманауи агроөнеркәсіптің басты талаптарының бірі.
Отырар ауданында енгізіліп жатқан бұл тәжірибе еліміздің басқа мақта өсіретін өңірлері үшін де үлгі болмақ.
Сонымен қатар кәсіпорында өндірісті басқарудың цифрлық жүйелері толық енгізілген. Жасанды интеллект негізіндегі технологиялар арқылы егістік алқаптарының жағдайы тұрақты бақыланып, топырақтың ылғалдылығы, су пайдалану көлемі, өсімдіктің даму кезеңдері мен өнімділік көрсеткіштері нақты уақыт режимінде сараланады.
Осындай инновациялық шешімдер өндірістің тиімділігін арттырып қана қоймай, еңбек өнімділігін бірнеше есеге жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Кешенде дайын өнімді сақтауға арналған заманауи қоймалар салынып, логистикалық мүмкіндіктер де халықаралық талаптарға сәйкес қалыптастырылған.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – өндірістің қалдықсыз технология негізінде ұйымдастырылуы.
Өндірілген мақта талшығы Түркістан қаласындағы кәсіпорында жоғары сапалы жіп пен мата өндіруге пайдаланылады. Ал қайта өңдеу барысында алынатын жанама өнімдер ауыл шаруашылығы жануарларына арналған құнарлы жем өндіруге бағытталады.
Осылайша шикізат толықтай тиімді пайдаланылып, өндірістің экологиялық қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Жоба аясында қазіргі таңда екі мақта өңдеу зауытының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Олардың жалпы өндірістік қуаттылығы жылына 180 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік береді.
Бұл көрсеткіш еліміздің мақта өңдеу саласының дамуына жаңа серпін беріп, мыңдаған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне тұрақты өткізу нарығын қалыптастырады.
Сонымен қатар өндірілетін өнімнің бір бөлігін Еуропа және Қытай мемлекеттеріне экспорттау жоспарланып отыр.
Бұл Қазақстанның әлемдік тоқыма өнеркәсібіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырып, отандық өнімнің халықаралық нарықтағы үлесін кеңейтуге ықпал етеді.
Отырар ауданында осындай ауқымды инвестициялық жобалардың жүзеге асуы – ауданның қолайлы инвестициялық ахуалының, инженерлік инфрақұрылымының және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігінің нақты нәтижесі.
Аудан әкімдігі тарапынан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер мәселелерін заң талаптарына сәйкес шешу, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану және кәсіпкерлермен тұрақты байланыс орнату бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
Осындай үйлесімді жұмыстың нәтижесінде Отырар ауданы бүгінде инвестиция тарту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және заманауи өндірістерді іске қосу бойынша Түркістан облысындағы алдыңғы қатарлы аудандардың біріне айналып отыр.
Ауданның табиғи әлеуеті, еңбекқор шаруалары, қолайлы географиялық орналасуы және мемлекеттік қолдау шаралары жаңа өндірістердің ашылуына, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және аудан экономикасының қарқынды дамуына берік негіз қалыптастыруда.
Министрдің жұмыс сапары барысында таныстырылған жоба – Отырар ауданының өндірістік және аграрлық әлеуетінің жоғары екенін көрсететін жарқын мысал. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып қана қоймай, өңдеу өнеркәсібін дамытуға, экспорт көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын көтеруге зор үлес қосады.
Бүгінде Отырар ауданы тарихи мұрасымен ғана емес, инновациялық өндірістерімен, заманауи агротехнологияларды енгізуімен және ірі инвестициялық жобаларды табысты жүзеге асыруымен де ерекшеленіп келеді. Бұл – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңге қадам басқанын айқын аңғартады. Ал аудан әкімдігі жүзеге асырып отырған жүйелі жұмыстар мен инвесторларға қолайлы жағдай жасау саясаты алдағы уақытта да Отырардың өндірістік қуатын арттырып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі жетекші өңірлердің бірі ретінде орнығуына негіз болмақ.