ТҮРКІСТАНДА «ДЕНСАУЛЫҚҚА ҚАРАЙ 10 000 ҚАДАМ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Рухани астанадағы «Денсаулыққа қарай 10 000 қадам» тақырыбындағы денсаулық акциясы жоғары деңгейде өтті. Ұлыстың Ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесіне орай бастау алған спорттық шараға өңіріміздегі спорт саласының қызметкерлері, спорт ардагерлері, үздік спортшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Шараға жалпы саны 500-ге жуық адам қатысып, өздерінің белсенділіктерін көрсетті.
Жиын барысында сөз алған Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жазира Муслимова барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Игілікті істі Түркістан облысының әкімдігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.
— Спорт саласында еңбек етіп жүргеннен соң шараға отбасыммен келуді жөн көрдім. Жұбайым және қос бірдей ұлыммен акцияға қатысып, көпшіліктен қалмай 10 шақырымды жүріп өттік. Шынында спортпен айналысқаннан бөлек күніне бірнеше шақырым жаяу жүруді дәстүрге айналдырсақ деген ниеттемін. Отбасымызбен арнайы сертификатқа қол жеткіздік. Бұл — ұлдарым үшін үлкен мотивация, — деді Түркістан қалалық жасөспірімдер спорт клубының жаттықтырушысы Еркебұлан Қонарбаев.
Негізгі мақсат — салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқара халық арасында спортты кеңінен насихаттау болып табылады. Облыс орталығындағы «Жібек Жолы» саябағында өткен іс-шарада белсенділік танытқан спорт ардагерлері алғысқа бөленді. Өз мәресіне жеткен акция соңында үздіктер анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.