Түркістан жасыл энергетикаға халықаралық инвестор тартуда
Түркістан облысы халықаралық инвестициялар үшін тартымды өңір ретінде танылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасында жаңартылатын энергия көздері саласында халықаралық жобаларды жүзеге асырып жүрген TSIH New Energy Corporation Ltd. компаниясының делегациясымен жұмыс кездесуі өтті.
Шетелдік делегацияны компанияның басқарма төрағасы Тимо Бей бастап келді. Кездесу барысында Түркістан облысында күн электр станциялары, энергия сақтау жүйелері (BESS) және жасыл инфрақұрылым жобаларын іске асырудың мүмкіндіктері талқыланды.
Айта кетейік, TSIH бүгінде Орталық Азиядағы жасыл энергетика мен инновациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған халықаралық жобаларды жүзеге асырып келеді.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев өңірдің инвестициялық әлеуеті жыл сайын артып келе жатқанын айтып, халықаралық инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру Палатаның басты басымдықтарының бірі екенін жеткізді.
– Түркістан – өндіріс пен инвестицияның жаңа нүктесіне айналып келе жатқан өңір. Бүгінде біз инвесторларға тек кеңес беріп қана қоймай, жобаның алғашқы кезеңінен бастап толық сүйемелдеу жұмыстарын жүргіземіз. Жаңартылатын энергия көздері саласындағы ірі жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндірістер ашуға және халықты жұмыспен қамтуға тың серпін береді. Сондықтан біз әрбір стратегиялық инвестормен нақты нәтижеге бағытталған серіктестік орнатуға мүдделіміз, – деді Палата директоры.
Кездесу барысында Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гүлназ Есетова өңірдегі инвестициялық ахуал, инвесторларға көрсетілетін қолдау тетіктері мен жобаларды іске асыру кезеңіндегі сүйемелдеу жұмыстары жөнінде кеңінен таныстырды.
Тараптар кездесуді қорытындылай келе, Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздері саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты. Бұл бастамалар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, жасыл экономиканы дамытуға және жаңа өндірістердің ашылуына жол ашады.
