САУРАН ӘКІМІ АЗАМАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАП, ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ШЕШІЛУ БАРЫСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды кезекті жеке қабылдап, аудан халқын толғандырған өзекті мәселелерді тыңдады. Азаматтарды қабылдау барысында әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, инженерлік инфрақұрылым, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, білім беру және коммуналдық қызметтерге қатысты ұсыныстар мен өтініштер қаралып, олардың шешу жолдары жан-жақты талқыланды.
Жеке қабылдауға барлығы 8 азамат қатысып, 11 мәселе көтерілді. Әрбір тұрғынның өтініші жеке қаралып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірме берілді. Сонымен қатар, жауапты бөлім басшыларына көтерілген мәселелерді егжей-тегжейлі зерделеп, заң аясында нақты шешім қабылдау жөнінде тапсырмалар жүктелді.
Қабылдау барысында денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар мен қолданыстағы әлеуметтік көмек тетіктері түсіндірілді. Сондай-ақ жұмыспен қамту, әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері де қабылдаудағы негізгі тақырыптардың бірі болды. Үшқайық ауылдық округіне қарасты Нұртас елді мекенінің тұрғындары көтерген электр жарығы мен ауыз су жүйесіне қатысты қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатқаны айтылды. Жобалар мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін облыстық бюджеттен қаржыландыру мәселесі қаралып, тиісті қаражат бөлінген жағдайда құрылыс-монтаждау жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Тұрғын үй мәселесі бойынша азаматтарға тұрғын үй заңнамасының талаптары, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу тәртібі және кезектілік қағидаттары түсіндірілді. Сонымен қатар Шорнақ ауылдық округінде жеке инвестордың қаражаты есебінен 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқаны, нысан пайдалануға берілгеннен кейін пәтерлер заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға ұсынылатыны жеткізілді.
Қабылдау барысында жер қатынастары, ауыл шаруашылығы саласына қатысты көтерілген мәселелер бойынша да заң талаптарына сәйкес түсіндірмелер беріліп, жауапты мекемелерге азаматтардың өтініштерін мұқият қарап, белгіленген мерзімде қорытынды ұсыну тапсырылды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындардың мәселелерін уақытылы қарау мемлекеттік органдар жұмысының басты қағидаттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ әрбір өтініш заң талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен қаралатынын айтып, жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне азаматтардың көтерген мәселелерін тұрақты бақылауда ұстап, олардың тиімді шешілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Қабылдау қорытындысында тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнату, халықтың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып жұмыс жүргізу және аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатыны атап өтілді.
