ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТШЫЛАРЫ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 395 МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛДЫ

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев мәлімдеді.

Басқарма басшысының мәліметінше, 2022 жылы өңірде олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрінен – 237, ал олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерінен – 192, жалпы 429 спорттық іс-шара өткен. Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша, облыс спортшлыары Әлем чемпионаттарынан – 118, Азия чемпионаттарынан – 202, ҚР чемпионаттарынан – 882, жалпы 1202 медальға қол жеткізген. Атап айтсақ, жерлестеріміз жалпы 536 алтын, 327 күміс, 339 қола иеленді.

– Спорт саласында облыс бойынша 100 мемлекеттік спорт мекемесі мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік кәсіпорын жұмыс істейді. Аталған спорт мекемелерінде 2426 жаттықтырушы бар, 58 574 бала қамтылған. Өңірде спорттың 61 түрі дамып келеді. Атап айтсақ, 29 — олимпиадалық, 32 — олимпиадалық емес. Өткен жылы облыс аумағында 2271 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 302 316 адам қатысты. Оның ішінде, ауылдық жерде 1 656 іс-шара өткізіліп, 206 723 адам қамтылған болатын. Ал биылғы 3 айда өңірде 540 бұқаралық спорттық іс-шара өткізілді. Оған 85 620 адам қатысса, оның ішінде, ауылдық жерде 443 іс-шара өткізіліп, 57967 адам қамтылды. Одан бөлек, ұлттық спорттың 10 түрі, атап айтсақ, асық ату, қазақ күресі, көкпар, теңге ілу, тоғызқұмалақ, аударыспақ, бәйге, жамбы ату, саят, жекпе-жек және олимпиадалық спорт түрі қолға алынған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Сауран» спорт клубындағы 34 жаттықтырушы 266 мүмкіндігі шектеулі азаматтармен күнделікті жұмыс жүргізуде, — деді Қанат Жарылқапұлы.

Брифингте белгілі болғандай, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сауран, Жетісай, Мақтаарал, Төлеби, Бәйдібек ауданы, Сайрам аудандарында заманауи спорт нысандарның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, Түркістан қаласында Халықаралық Теннис орталығының құрылысы аяқталып, өткен жылдың маусым айында пайдалануға берілді. Ал Түркістандағы Ә.Нұрмаханов атындағы облыстық спорт мектебінің спорт кешенін қайта құру және 320 көрерменге арналған қосымша ғимарат салу жұмыстары, жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында Мұз сарайы мен Ескек есу каналы бағытындағы спорт кешенінің құрылысы қызу жүргізілуде.

2023 жылдың 3 айында облыс спортшылары ҚР чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып, нәтижесінде жалпы 395 медальға қол жеткізді. Атап айтсақ, 159 алтын, 108 күміс және 128 қола. Жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттарында облыс спортшылары спорт түрлері бойынша жалпы 16 медальға, яғни 5 алтын, 3 күміс және 3 қолаға қол жеткізсе, Әлем чемпионаттарында жалпы 116 медальға ие болды.