ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 50-ДЕН АСҚАН 1200 АДАМ «КҮМІС ЖАС» ЖОБАСЫ АРҚЫЛЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

Елімізде тек жастар ғана емес, зейнет жасына таяған азаматтар да тұрақты жұмыспен қамтылады. 50 жастан асқан адамдар мұндай мүмкіндікке «Күміс жас» жобасы арқылы қол жеткізе алады. Аталған жоба 2022 жылы зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында іске қосылған болатын.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жоба аясында былтыр 3080 адам жұмысқа орналасқанын мәлімдеген еді. Оның 516-сы – түркістандық. Яғни, ең көп жұмыспен қамтылғандар қатарында Алматы облысынан кейін Түркістан өңірі енгізілген.

Түркістан облысында «Күміс жас» жобасына биыл 1656 адамды қамту жоспарланған. 2023 жылдың 3 айының қорытындысына сәйкес, 1248 адам мемлекеттік жобаның игілігін көріп отыр. Қатысушылардың басым бөлігі Жетісай, Мақтаарал, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби аудандары және Түркістан қаласында тіркелген. Өзге аудан, қалаларда жергілікті аймақтың ерекшеліктері ескеріле отырып, квота бөлінген.

Бәйдібек ауданының тұрғыны Ләззат Өскенбекова мемлекеттің қолдауының аясында жекеменшік мекемеге логопед қызметіне жұмысқа орналасқан.

– Жасым 54-те. Біраз жыл бұрын Алматы қаласынан көшіп келгенбіз. Негізі 30 жылдық еңбек өтілім бар. Бірақ кей себептермен жұмыссыз қалып қойдым. Осындай бағдарлама бар екенін естіген соң қатысып көруді шештім. Мамандардың нұсқауымен ақпан айында жұмысқа қабылдандым. Жұмыс ыңғайлы, өзіме ұнайды. Еңбектенбей, өзгелерден көмек күтетін адамдарға айтарым мемлекет халық үшін бағдарламаларды шығарып жатқан кезде мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. «Күміс жас» жобасы атына сай атқарылып жатыр екен. Мен өз құрдастарыма қатысыңдар деп кеңес беретін болдым, – дейді «Күміс жас» жобасының қатысушысы Ләззат Айдарханқызы.

Аайта кетейік, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қағидаларға бірқатар өзгеріс енгізіліп, жобаға 50 жасқа толған азаматтар қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ зейнеткерлік жасқа толмаған адам кемінде 1 жыл мерзімге жұмыспен қамтылса, 58 жастан асқандарға зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орындары ұсынылады. Жұмыс беруші айлық мөлшерінің 30%-ын, ал қалғанын мемлекет тарапы төлейді.