ШЫМКЕНТТЕ ТҰРАН ШАҒЫН АУДАНЫНДА 41 ҮЙ САЛЫНУДА

Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 239,2 мың шаршы метрді құрайтын 2972 пәтерлі 51 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде арендалық 20 үй (1320 пәтер), кредиттік 31 үй (1652 пәтер).

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тұрғын үйлердің құрылысымен және инженерлік инфрақұрылыммен қамтылу барысымен танысты, деп хабарлайды oninfo.kz ақпарат агенттігі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2022 жылы 51 үйдің барлығын пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 41 тұрғын үйдің құрылысы «Тұран» шағын ауданында жүргізілсе, 10 тұрғын үйдің құрылысы әкімшілік-іскерлік орталығында салынуда.

Тұранда құрылысы жүргізіліп жатқан 41 тұрғын үйдің үшеуі жазға дейін пайдалануға тапсыру жоспарланған. 1 шілдеге дейін 6 үйді пайдалануға беру жоспарда болса, қалған 32 үй жыл соңында қолданысқа беріледі.

Тұран шағын ауданын электрмен қамту жұмыстарының екінші кезеңі жүргізілуде. ішкі жүйлерді қамту жыл соңына дейін аяқталса, жарықтандыру мен бағдаршамдар орнату 2023 жылға көзделген. Кәріз және табиғи газбен қамту жұмыстарының да кестеге сәйкес екінші кезегі жүргізілуде. Магистралды жүйелер орнатылған соң ғана ішкі жүйелер жүргізілмек.

Мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов тұрғын үйлердің сапалы соғылып, мерзімінде аяқталуын тапсырды.

Айта кетейік, Шымкент қаласында бүгінде тұрғын үй кезегінде 48 мыңнан адам тіркелген. Тұрғын үй кезегіне тұрудың өз талаптары мен шарттары бар. Кезекке тұруға ниетті азаматтар белгіленген санаттардың біріне ену қажет. Соңғы 3 жыл көлемінде Шымкент қаласында тіркелген болуы, соңғы 5 жыл көлемінде атында тұрғын үй тіркелмеуі шарт.

2021 жылы арендалық негізде 976 пәтер тапсырылған (көпбалалы отбасыларға – 378, халықтың әлеуметтік әлсіз тобына – 238, жұмыс істейтін жастарға – 300, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға — 60). 2021 жылы «Жастар» бағдарламасы бойынша 3648 өтінім келіп түскен. 300 пәтерді «Жаңа Тұрлан», «Тұран», «Асар 2» шағынаудандарынан берілген.