Отырарда «Ауыл аманаты» жобасы сәтті іске асуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі мен оның қосылған құнын арттыру, кооперативтерді дамыту стратегиялық міндет екенін атап өткен болатын. Осы мақсатта елімізде «Ауыл аманаты» жобасы іске асып келеді. Бүгінде Отырар ауданының халқы да аталған жобаның игілігін көріп отыр.
Мәселен «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында Отырар ауданы бойынша 258 адам несие алуға ниет білдіріп, оның ішінде 195 адамның құжаттары жинақталған. Қазіргі уақытта 113 құжат қаржыландырылып, өтініш иелері өз кәсібін дамытуда.
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Ержан Оралбай «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында төмендетілген несие алып, заманауи құрылғымен жаңбырлатып суғару әдісі арқылы егін шаруашылығын дамытуды мақсат еткен шаруаның жұмысымен танысты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен төмендетілген 5 млн теңге несие алып, жаңбырлатып суғару құрылғыларын алған «Елсияр» жеке кәсіпкерлігінің төрағасы Елеусізов Бақтыбай Елеусізұлы аталған жобаның шарапатын көрген жандардың бірі. Кездесу барысында жеткізіп беруші мекеме «Royal Thermo» мекемесінің өкілдері заманауи құрылғыны іске қосып, оның жұмыс істеу әдісімен таныстырды.
Кездесуде аталған құрылғының ағын суды үнемдеудегі тиімділігін айтқан аудан әкімінің орынбасары Ержан Асанұлы кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.