ОТЫРАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТЕМІР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың аудан тұрғындарымен кездесуі Темір ауыл округінде өтті. Аудан басшысы алдымен Темір ауылындағы инженерлік тұрғын үй алабының құрылыс жұмыстарын көріп, Темір жалпы білім беретін орта мектебіндегі күрес залынының жұмысымен танысты.
Жалпы Темір ауылында биыл үш рет кездесу өтіп, жергілікті тұрғындар тарапынан 5 мәселе көтерілген болатын. Аталған мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, бүгінде 3 мәселе оң шешімін тапқан. Оның ішінде Темір мектебінің кәріз жүйесі, емдеу мекемелеріне қажетті құрал жабдықтар алу және ауыз су мен газдандыру жұмыстарынна қатысты мәселелер жүйелі түрде шешімін тауып келеді.
Бүгінгі таңда Темір ауылындағы 128 азамат үйіргелік және қосалқы шаруашылық жүргізу мақсатындағы берілетін жерлерді алу үшін өтініш білдіріп, кезекке тұрған. Аталған жер учаскелері кезекте тұрған мұқтаж азаматтарға берілетін болады. Аудан басшысы аралау барысында инженерлік-коммуникациялық желі тартылған тұрғын алабындағы электр энергиясына тәуелділік деңгейіне мән беруді тапсырды.
Мұнан соң аудан әкімі Сәкен Асылханұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Жамалханұлы, аудандық мәслихат депутаты Асан Аралбай, Бекзат Аманшаұлы, Ардақ Нәжімеддинұлы, Нұржан Орынбасарұлдары Темір орта мектебі аумағынан ашылған күрес залында болып, жасөспірімдердің дайындық жұмыстарын тамашалады. Ұзақ жылдардан бері бос тұрған бұрынғы оқу ғимараты депутат Ардақ Әмзенің демеушілігімен жөнделіп, пайдалануға берілген. Күрес залында 40 бала спортпен шұғылдануда. Жеткіншектердің қол жеткізген жетістері де аз емес. Жас спортшылар Нұрасыл Мәдіхан, Әсет Серік, Жанерке Айтбектер облыстық біріншілікте топ жарса, Ернар Әбибулла спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындаған. Шара барысында ел азаматтарының атынан жоғары жетістікке жеткен жас спортшыларға сәттілік тілеп, естелік ретінде спорттық киімдерді сыйға тартылды.
Темір ауылындағы кездесу барысында ауыл тұрғындары Бегімше Ибрагимов пен Байырбек Есенбековтер Темір жалпы білім беретін орта мектебін күрделі жөндеуден өткізсе деген өтінішін жеткізді. Аудан әкімі аталған мәселеге байланысты жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Бұдан өзге де мәселелер бойынша қойылған сұрақтарға тиісті мекеме басшылары тарапынан тұщымды жауаптар берілді.