ОТЫРАР АУДАНЫНДА 9 ЕЛДІМЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Бұл туралы бүгін Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов айтты.

– Отырар ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2014-2017 жылдары автоматтандырылған газ тарату станциясы салынып, Шәуілдір елді мекеніне дейін 51,4 шақырым газ құбыры тартылған. АГТС арқылы 2025 жылға 34 елдімекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып, бүгінде 22 елдімекенге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Көгілдір отынмен қамту ісі қарқын алып, бүгінгі таңда 12 елдімекен тұрғындары газбен қамтылған. Ал биыл 9 елдімекен табиғи газбен қамтылады. Олар – Темір, Арыс, М.Шойманов, Қарғалы, Отырар, Көкмардан, Шытты, Сарыкөл, Сырдария елдімекендері, — деді Сәкен Асылханұлы.

Сонымен қатар, биыл Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 12 елдімекенді газбен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. 2025 жылға газ құбырын тарту жұмыстарын аяқтап, ауданның жалпы газбен қамтылу көрсеткіші 99,6 пайызға жетеді деп көзделіп отыр.

Одан бөлек, 2022 жылы жергілікті бюджеттен 19,8 шақырым 26 көшеге және төртінші бюджеті есебінен ауылдық округтер 7 шақырым 15 көшеге ағымдағы, орта жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ал биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 19,6 шақырым 10 ішкі көшеге және жергілікті бюджет қаржысы есебінен 24,3 шақырым 17 көшеге орта жөндеу жұмыстары жоспарланған. Осылайша, қанағаттанарлық дәрежедегі жолдар 305,4 шақырымға жетпек.

Айта кетейік, өткен жылы ауданда 18 657 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ, былтыр құрылысы басталған Қоғам ауыл округі Талапты ауылындағы дәрігерлік амбулатория биыл пайдалануға беріледі.