«Nur Otan» партиясынан сайланған депутаттардың атқарып жүрген жұмыстары көңіл көншітеді

Біздің қоғамда депутат халық қалаулысы саналғанымен, халық алдындағы қызметін толыққанды орындамай, сынға ұшырап жатқан кездері кездеседі. Дана халқымыз «Халық сыны қатесіз» деген. Халық айтса, біліп айтады. Еңбекті көріп, ең шынайы, ең әділ бағаны беретін де халық. Ал, қаламыздағы депутаттарға ел қандай баға береді екен?

Жыл басынан бері көптеген істің куәсі болдық. Жұрт арасынан табылып жатқан депутаттар да аз емес. Солардың бірі де, бірегейі – Байкен Әшірбаев дер едім.

Бұл кісінің қандай ісін байқадық?

Өздеріңіз білетіндей, адамгершілікке арналған үш сауап бар: шөлге құдық қазған бір сауап, жолға ағаш еккен бір сауап, өзенге көпір салған бір сауап. Сол сауапты істердің бірін жүзеге асырған Байкен Әшірбайұлы депутат болып сайланғаннан кейін арада бір ай өтпей, бір емес, екі ауылдың көпірін өз қаржысы есебінен жөндеп берді. Көптен бері көтеріліп келген мәселе шешімін тапқанына сенбеген Еңбекші ауданы, Жұлдыз аумағы және Бадам-1 елді мекендерінің тұрғындары халық қалаулысына алғысын жеткізіп, ақ батасын берді.

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, етене жұмыс жасау қажет. Бұл – партияның, сондай-ақ барлық деңгейдегі депутаттардың міндеті. Біздің ортақ парызымыз», – дегені есімізде. Байкен мырзаның тынымсыз аудан аумағын аралап, тұрғындармен тұрақты жүздесіп тұратыны да көңілге қонымды іс. Әр елді мекенде мәселелі тұс болуы мүмкін. Халықтың жағдайын сұрап, мәселесімен танысып, шешу жолында ат салысатын халық қалаулысына жұртшылықтың риза болатыны сөзсіз.

Сондай-ақ, Байкен Әшірбайұлын халқына қайырымды депутат десем қателеспеймін. Байкен Әшірбайұлының бастамасымен “Nur Otan” партиясының “30 Қайырымды іс” жобасы аясында Рамазан айында 525 отбасыға көмек көрсетілді, бұдан бөлек, 100-ден аса отбасыға әр мезгіл сайын азық-түлік жағынан көмек көрсетіліп келді. Дәл осындай кең жүрегімен жасаған қайырымдылығы үшін «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаты атанып, Еңбекші ауданы әкімі «Туған өлке» номинациясымен марапаттағанын да білеміз.

«Ел құлағы елу» демекші біз елден естіп, көзбен көріп, газет-журналдан оқығанымызды, телеарнадан көріп көңілге түйгенімізді айтып отырмыз. Қазақ халқы «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, осынау ел ағаларының халық алдындағы міндетін биік қойып, еткен еңбегін насихаттауымыз керек. Көпке үлгі болып жүрген Байкен Әшірбайұлының жұмысына сәттілік тілейміз!

 

Асхат Әссанди