ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ОБЛЫСТЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ЖОЛДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫН ТЕКСЕРДІ

Түркістан облысында жол жөндеу жұмыстары қарқын алды. Құрылыс барысын бақылау үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды облыстық маңызы бар жолдарды аралап, мердігер мекемелердің басшыларымен кездесті. Нақты тапсырмалар жүктеді. Құрылыс сапалы жүргізіліп, белгіленген мерзімінде тапсырылуы тиіс.

Кентау қаласы мен Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдың аралығында салынып жатқан жол аяқталуға жақын. Кенді шаһардан облыс орталығына барар жол 26 шақырымды құрайды. Жоба құны – 8 млрд.теңге. Айналма жол биыл пайдалануға берілмек. Айта кетейік, Кентау қаласында бәсекеге қабілетті көлік инфрақұрылымын құру үшін қызмет сапасы мен транзит жылдамдығын аттыратын жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Облыс басшысы маңызды жолдың жан — жағына көшеттер отырғызып, абаттандыруды міндеттеді.

Облыс әкімі Сауран ауданындағы Түркістан және Жамбыл облыстарының шекарасындағы «Құмкент-Шолаққорған-Ащысай-Р-31» автомобиль жолының құрылыс алаңында да болды. Орташа жөндеу жұмыстары былтыр басталған. Нысанды биылғы жылдың қазан айында тапсыру жоспарлануда. Жоба құны – 1,9 млрд. теңге. Автомобиль жолының ұзындығы 31,3 шақырымды құрайды.

Сауран ауданына қарасты «Кентау қаласы Құсшы ата елді мекеніне кіре беріс автомобиль жолын» күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Былтыр басталған құрылысты 2023 жылдың маусым айында аяқтап, жолды пайдалануға беру жоспарлануда. Автомобиль жолының ұзындығы – 7,5 шақырым.

Облыс әкімі жауапты басшыларға жол құрылысын сапалы әрі уақытылы орындап, ел игілігіне пайдалануға беруді тапсырды. Талапты орындамаған мердігер мекемелерге шара көрілетінін ескертті.

Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 500 шақырымнан асады. Республикалық маңызы бар жолдың үлесі – 723 шақырым, жергілікті маңызы бар жол 5 755 шақырым және елді мекен көшелері 11 мың шақырымнан асады.

2023 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 41,1 млрд. теңге бөлінген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 587 нысан немесе 1521,1 шақырым жолдар мен көшелерді қамту жоспарлануда. Жыл қорытындысымен 534 нысан, яғни 1237,2 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделген.