«BUSINESSGO» – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСКЕ АРНАЛҒАН ЖАҢА ЦИФРЛЫҚ ЭКОЖҮЙЕ
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен отандық бизнеске арналған мүлдем жаңа әрі бірыңғай цифрлық өнім – BusinessGO экожүйесі іске қосылды. Аталмыш платформа еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдері үшін сауда мен есепті басқарудың барлық негізги құралдарын бір жерге шоғырландыратын бірегей шешім болмақ.
Бүгінде кәсіпкерлер өз ісін жүргізу барысында түрлі жеткізушілердің бірнеше жүйесін қатар пайдалануға мәжбүр. Салдарынан бизнес күрделі техникалық интеграциялармен бетпе-бет келіп, әртүрлі жеке кабинеттерде жұмыс істейді және бөлек-бөлек техникалық қолдау қызметтеріне жүгінеді. Сонымен қатар, бұл цифрлық құралдарды жекелей сатып алу және оларды сүйемелдеу кәсіпкерлер үшін жылына айтарлықтай шығын әкеледі.
BusinessGO кәсіпкерлердің аталған түйткілді мәселелерін қалай шешеді?
Платформа барлық қажетті сервистерді бір экожүйеге біріктіру арқылы бизнесті басқаруды айтарлықтай жеңілдетіп, шығындардың азаюына ықпал етеді әрі бірыңғай техникалық қолдау орталығын ұсынады. Кәсіпкерге енді әртүрлі жеткізушілердің бағдарламаларын іздеп, оларды өзара байланыстыру үшін уақыт пен қаражат шығындаудың қажеті жоқ.
BusinessGO экожүйесінің құрамына келесі негізгі цифрлық шешімдер кіреді:
* ФДО – фискалдық деректер операторының қызметі;
* GreenKassa – заманауи онлайн-касса жүйесі;
* GreenMag – тауарлық есеп пен қойманы басқару жүйесі;
* Amian Business – сатылымды арттыруға арналған маркетингтік платформа;
* GreenScan – акциздік маркалар мен өнімдердің таңбалануын жылдам тексеру сервисі;
* Салық төлеуші паспорты – QR-код арқылы бизнес туралы ақпаратты жедел тексеру құралы;
* Tax Free – шетелдік сатып алушылар үшін ҚҚС қайтаруды ресімдеу сервисі;
* Findex – базарлар мен сауда орталықтары үшін сауда-саттықты мониторингілеу және бақылауға арналған аналитикалық жүйе.
Платформаға қосылу арқылы отандық кәсіпкерлер сатылым көлемін ұлғайтуға, бағдарламалары есебінен орташа чекті өсіруге және күнделікті қол еңбегін автоматтандыруға мүмкіндік алады. Бастысы –бизнесті кез келген жерде, кез келген уақытта әрі кез келген құрылғыдан толық бақылауда ұстауға болады.
Цифрлық платформа неліктен тиімді?
«BusinessGO» – тек бизнес жүргізу құралы ғана емес, сонымен қатар ел экономикасының ашықтығын арттыруға бағытталған стратегиялық жоба. Сандық шешімдерді жаппай енгізу көлеңкелі айналымды қысқартуға, сауда қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Сондай-ақ, платформа заңсыз тауар айналымымен күресуді күшейтіп, тұтынушылардың құқығын қорғау деңгейін жаңа сапаға көтереді.
«Атамекен» ҰКП бұл жоба арқылы кәсіпкерлер үшін қолжетімді заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастырып, Қазақстанның барлық өңіріндегі шағын және орта бизнестің сапалы әрі қарқынды дамуына жағдай жасауды көздейді. Сонымен қатар, Палата бөлшек сауда бойынша нақты аналитикалық деректерге қол жеткізе отырып, отандық бизнестің басты серіктесі ретіндегі рөлін одан әрі нығайта түспек.
Жаңа цифрлық платформамен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайтында танысуға болады, ал экожүйеге қосылу businessgo.kz сайтында электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы санаулы минуттар ішінде жүргізіледі. Жүйе компания деректерін автоматты түрде таниды, содан кейін қажетті модульдерді таңдап, келісімді тікелей портал арқылы растау жеткілікті.
Сондай-ақ, BusinessGO жүйесінің мүмкіндіктері мен оған қосылу тәртібі бойынша толық ақпаратты 1432байланыс орталығына хабарласу арқылы білуге болады.
