Ғаламтордың пайдасы мен зияны

Интернет — бүкіл әлемдегі миллиондаған компьютерлер мен ұялы сымтетіктерді бір — бірімен байланыстыратын орасан зор желі. Әлеуметтік желілер — қазіргі заман талабы. Әлеуметтік желілерсіз және ғаламторсыз заманауи адам өз өмірін елестете алмайды. Әрине, бұл өте жақсы. Әр күн өткен сайын әлем техникалық прогресске қол жеткізуде. Ғаламтор арқылы алыстағы ағайынмен хабар алмасуға мүмкіндік туғанмен, бетпе- бет тілдескенге не жетсін! Әр бір ата — ана баласына ғаламтор туралы толық мәлімет беруі тиіс. Оның пайдасымен қоса зияны туралы да айтуы керек. Балаларды ғаламтордан қорғайтын жалғыз періште ата — ана. Ғаламтордан түрлі ойындар ойнап, түрлі әуен тыңдап, бейнежазба көруге құмартып алған олар тіпті компьютердің жанынан шықпайтын болды. Бүлдіршіндерді компьютерсіз көзге елестету де қиын болып бара жатқан сияқты. Бүгінде ғаламтор желісі білімді, соның ішінде дінді зерделеудің негізгі құралы болып табылғанымен, Ислам дінін бұрмалайтын және теріс бағытқа бағдарлайтын бірден — бір жол болып отыр. Діни білімді интернеттен іздеу — бұл басты қателіктердің бірі. Білім — теңіз, ал оны бірден жүзіп өтемін деген адам батады. Асылында, көп тамшы бір теңізді құрайды. Сондықтан да негізгі ұран — аз, бірақ үнемі болуы керек. Бүгін — мынадай мөлшер, ертең де дәл осындай мөлшер. Білім — кезең, деңгей, асу, өткелден тұрады. Әр адамда бір ұстаз болуы керек. Абай атамыз «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», — дейді. Құнанбайдың баласы: «Шәкіртсіз ғалым — тұл», — деу арқылы ұстаздық пен шәкірт ұғымын бірінің екіншісіне үйретуі, екіншісінің үйреткенді ынта қойып, біліп алатын, яғни ғалымның іліміне ие болатын мұрагер ғана емес, ілгері жалғастырып, дамытушы ретінде анықтаған. Сондықтан да өзіңізден білімі жоғары адамды ұстаз тұтуға асығыңыз. Оның жеткен биігіне дейін ұмтылыңыз. Иә, шариғатымыз кітап, түрлі дисктер, ғаламтор арқылы білім ізденуден тыймайды. Бірақ, «Кім өзіне кітапты ұстаз тұтса, адасты», — деген дана сөз бар емес пе? Сізге кітапты түсіндіретін білім иесі міндетті түрде болуы керек. Адам құлшылықта өзінен жоғарыларға қарап өседі. Ғылым мен техника дамыған сайын адам баласы тұтынатын құралдардың қолжетімді нұсқалары пайда болды. Құранда Алла Тағала «Ал Алла сендерді де, сендердің жасап жатқандарыңды да жаратқан», — делінген. Сондықтан, әрбір жаңа технологияны Алланың нығметі деп қабылдай білу керек. Иә, ғаламтор да көз бен қол секілді нығметтердің қатарында. Нығметті сәйкесінше пайдалану сол нығметке деген шүкірлікті білдіреді. Алысты жақындатып, лезде хабар алғызатын, түрлі машақаттардың азаюына себеп болған ғаламторды Алла разы болатын, қос дүниемізге пайдасы тиетін жолда пайдалану талап етіледі. Мейлі, ол надандықпен күресу, алыстан хабар алу, білім іздену, білім тарату болсын. Ғаламтор — нәзік әрі қатерлі сала. Ғаламтор — дін дұшпандарының қолында тұрған оқсыз қару. Әлем мұсылмандарының ғаламтордан нені алып, нені беріп жатқанын таразылап отырған кейбір топтар ғаламтор арқылы қаншама мұсылман жамағатын басқарып отыр. Әлсіз тұсын білген дұшпан кез келген жерден қақпан құруы да мүмкін. Ғаламторды пайдаланған сайын осы нәрсені естен шығармау керек. Яғни, сіз де олар секілді ақпаратты сүзгілеуді үйреніп, құрыққа түсіп қалмаудың жолын меңгеріңіз. Өлшер болсақ, ғаламтор пайдасынан зияны көп нәрсе. Сол себепті, адам өзіне қажеттіні алып, өзгеге пайдалыны беріп болғаннан кейін уақытын ысырап етпестен шығып кеткені дұрыс. Пайдасыз сайттарға бас сұғу — уақытты өз қолыңмен буындырып өлтірумен тең. Адамның Қияметте ең бірінші өкінетіні — пайдасыз өткізілген бос уақыт екен. Көзіңіз шалған кез келген ақпараттың сенімділігіне көз жеткізу қажет. Дұрыстығын анықтап алғаннан кейін ғана өзгелерге таратыңыз. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Ей, иманға келгендер! Егер сендерге бір бұзық (бойсұнбаушы) қандай да бір хабар әкелсе, білместікпен адамдарды айыптап (тиісіп), істегендеріңе өкініп қалмауларың үшін анықтап алыңдар», — дейді. («Хужурат» сүресі, 6-аят) Пайғамбарымыз (с.а.с) мүбарак хадисінде «Естіген нәрсеңнің барлығын айта беруің — өтірікші болуыңа жеткілікті», — делінген емес пе? Әлеуметтік желілеріңізге жариялайтын дүниелерді сөзге балауға болады. Яғни, шариғатта тілге, сөзге байланысты айтылатын тыйымдар мен рұқсаттар ғаламтор бетіндегі жазбаларға да қатысты. Сіздің біреуге жазған ғайбатыңыз, достарыңызды тарту үшін жазған жалған сөзіңіз Ақыретте жауап беруге тиіс болатын күнәға айнала шығады. Мұсылманның бір дұшпаны — сауатсыз мұсылман екендігін есіңізден шығармаңыз. Қоғамдық орындарда, әлеуметтік желілерде өзіңіз жақсы білмейтін тақырыпта пікір айтудан, ой қосудан өзіңіздің тыйғаныңыз абзал. Бұл — өзіңіз үшін де, өзге үшін де ең тиімді шешім. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Әрі өзіңде білімі болмаған нәрсеге ерме. Анығында есту, көру және жүрек — бұлардың әрқайсысы сұраққа тартылады», — деген. («Исра» сүресі, 36-аят). Ғаламтор — нәзік әрі қатерлі сала. Ғаламтор — дін дұшпандарының қолында тұрған оқсыз қару. Әлем мұсылмандарының ғаламтордан нені алып, нені беріп жатқанын таразылап отырған кейбір топтар ғаламтор арқылы қаншама мұсылман жамағатын басқарып отыр. Әлсіз тұсын білген дұшпан кез келген жерден қақпан құруы да мүмкін. Ғаламторды пайдаланған сайын осы нәрсені естен шығармау керек. Яғни, сіз де олар секілді ақпаратты сүзгілеуді үйреніп, құрыққа түсіп қалмаудың жолын меңгеріңіз.
Қорыта келе уақытымызды ғаламтордың торына шырмалып босқа өткізбейік. Адам өзіне керекті ақпараттарды дұрыс қолдана білу керек деп сөзімді қорытындылағым келеді.
Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, теолог маманы А. Данияров