Шымкентке АҚШ-тан «Кобра» келді
Шымкент қаласында жеңіл атлетика кешенінде қол күрестен ел чемпионаты өтуде. Оған республикамыздың барлық облысынан армрестлинг шеберлері қатысуда. Ел чемпионаты барысында, қол күресінің негізін қалаушы, Владимир Дрекслердің 80 жылдығына орай оған құрмет жасалды. Жарысқа бүкіләлемдік қол күресі федерациясының президенті Польша елінің азаматы Игорь Мозуренко және АҚШ-тан атақты армрестлер Эндрю Роудс (лақап аты Кобра) арнайы келді. Өңір намысын Арман Қарсыбаев басқаратын Шардара ауданының спортшылары қорғауда.
Түс ауа «Shymkent» қонақ үйінде Шымкент жастар орталығының ұйымдастыруымен баспасөз конференциясы өтті. Онда жиналған жастар атақты спортшыларға көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, қызықты жауаптар алды. Сұрақтың көбі Эндрю Роудсқа қойылды.
- Эндрю мырза, сіздің лақап атының не үшін Кобра?
- Эндрю мырза, сіз спортты қазақ жігітінен жеңілген соң өз мансабыңызды аяқтадыңыз. Сол жайында айтып берсеңіз.
Эндрю Роудс: «Менің қол күресу стилім өзгеше. Қол күрестірген кезде қолым кобраға ұқсап тұрады және өте жылдаммын. Содан мені осылай атап кетті. Иә, мен Шынболат Райхановтан жеңілген соң қол күресуді аяқтадым. Себебі менің сол кездесуде қабырғам сынып кетті. Шынболат есіме түссе қабырғам ауырады», — деп күлді.
Айта кетсек, Шынболат Райханов шардаралық қол күрес шебері, армрестлинг спортынан әлемнің екі дүркін чемпионы.
Жарыс 18 ақпан күні аяқталып, 17.00-де жеңімпаздарды марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтеді. Жеңімпаздар Малазия қаласында өтетін Азия Чемпионатына жолдама алады.