Н.Бұхарбаев: Елбасы мақаласы тарихымызды қайта тануға жетелейді

«Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес». Бұл сөз Елбасымыз, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының негізгі бастауы болды.

Әрине, мақаланың атауы көрсетіп тұрғандай, кез-келген қоғам өзінің өміршеңдігін таныту үшін іргетасын мықтап қалауы қажет. Бұл орайда, 70 жылдық отаршылдық заманды бастан кешірген еліміз өз Тәуелсіздігін алған 27 жыл ішінде Елбасымыздың сарабдал саясатымен «өлгенін тірілтті, өшкенін оятты». Өркениетті елдермен тереземіз теңеліп, елдігіміз кеңейді. Бодандықтан құтылып, өз ұлттық мемлекетін құруы жолында күрескен халқымыз тарихын қайта жазып, ұлттық құндылықтарын қалпына келтіріп, тілдің, діннің қайта өркен жаюына қол жеткізді. Киелі қазақ даласының кешегі елдігінің, ерлігінің бір мысалы деп Алтай тауынан домбыраның табылуы деп айта аламыз. Белгілі жырау Бекболат Тілеуханның «Америкалықтар көкпар тартып, қытайлар аударыспақты мойындады», -деуінің өзі де Елбасының осы мақаласына бірден-бір негіз болады.

Алтай мен Атыраудың арасын жалғап жатқан кең байтақ жеріміздің әлемдік өркениет тарихындағы елеулі жетістіктердің бірі саналған Ұлы Жібек жолының болуы да бүгінгі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізінің салынуына үлкен себеп болғаны ақиқат. Тарих дастандары қазақ халқын көшпенділер ретінде танытқанымен, мәдениеттану саласында халқымыздың сақ мәдениетімен сабақтастығын зерттеудің нәтижесі ауыз әдебиеті мен этнографияның маңыздылығының жоғарылығын көрсетті.
Елбасының ˝Ұлы даланың жеті қыры˝ атты мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы іспеттес. Тарихқа деген дұрыс ұстаным, сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңілуге негіз болған мақала ел көңілінен шығатынына сенім мол. Батырлығы мен батылдығы, жасампаздығы мен жыраулығы, ақындығы мен адалдығы мықты елдің басшысы тарихқа терең бойлап, санамызды серпілтті. Елбасы Жарлығымен Шымкент қаласы мегаполис атанса, Түркістан облысы құрылып, оның орталығы болып Түркістан қаласы бекітілді. Қазақ елінің символы саналған қызғалдақтың Шымкенттің төлтаңбасы болып қабылданғаны да біздегі саяси мүдде мен мақсаттың айқындығын көрсеткендей. Себебі, Елбасы мақаласында қызғалдақтың Отаны — Қазақстан екенін мәлімдеді. Айтулы мақалада Елбасымыздың Түркістанды түлетуге, түркі халықтарының орталығына айналдыру жөніндегі бастамасы — өткенге салауат білдірудің белгісі. Елбасымен бірге болашағын таңдаған халыққа бүгінгі мақала зор үміт және серпіліс сыйлағаны анық.
Біздің бабаларымызбен қазіргі қазақ даласында адамзат баласы алғаш рет жылқы малын қолға үйретсе, сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері –металургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі болды. Көшпенділердің дүниетанымының символына айналған ˝аң стилі˝ біздің бабаларымыздың игілікті істерінің көрінісі. Сонымен бірге, біздің байтақ жеріміз – алма мен қызғалдақтың тарихи отаны. Өркениеттер қалыптасуының басында болған осынау тарихи мұраға бай өлкемізді одан әрі зерттеу, зерделеу, өскелең ұрпаққа мирас етіп қалдыру – бүгінгі ұрпақтың маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.

Елбасы мақаласында ұсынған бағдарламаларды жүзеге асыруға атсалысу – біздің тарих алдындағы ғана емес, келешек ұрпақтар алдындағы қасиетті борышымыз! Сол себепті де санамызда сілкініс жасап, ұлт тарихын жауһарлармен толықтыруға баршамыз атсалысуымыз қажет деп есептеймін!

141 рет оқылды
  • 34
    Поделились

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *