ЖАСТАР – ЖАРҚЫН ІСТЕР ҰЙЫТҚЫСЫ

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білікті жастардың қолында. Бүгінгі күні жастарымыз қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне мол үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктетіп, елімізді іргелі, қуатты мемлекетке айналдыру да солардың еншісінде. Елімізде жастар саясатына үлкен көңіл бөлінуде. Қолданыстағы заңдарымызда олардың білім алып, еңбек етуіне мол мүмкіндіктер қарастырылған. Жастарымыз ұлтаралық татулық пен қазақ халқының тарихын, мәдениетін, озық салт-дәстүрін, тілдік ерекшеліктерін сақтай отырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді. Солардың қатарында Түркістан қаласы мен облысының жастары да бар. Олар өздерінің сүйікті қаласы Түркістан мен аймақты дамытуға өз үлестерін қосуда, деп жазады qazaquni.kz порталына сілетем жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.

Бір жарым мыңнан аса тарихы бар қасиетті Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесіне ие болып, қайта түледі десек артық емес шығар. Қазіргі Түркістан жыл санап емес, күн санап өсіп келе жатқан тарихи, мәдени, білім беру экономикалық-өнеркәсіптік орталық. Соған орай қала тұрғын­дары өз еңбектерін еселей түсті. Әсіресе, қала жастарының белсен­ділігі айтуға тұрарлық. Тұрақты түрде түрлі бағыттағы іс-шараларды ұйым­дастырып келе жатқан Түр­кістан қаласы Ішкі істер саясат бөлімі мен «Жастар ресурстық орта­лығының» игі істері қала тұрғын­дарының қолдауын тауып, көп­шіліктің құрметіне ие болып келеді. Сөзіміз нақты болу үшін сондай игі іс-шаралардың бірқатарын атай өтейік.

Елтаңба, көк туымыз бен әнұранымыз мемлекеттігіміздің басты нышаны саналады, соған орай жыл сайын елімізде «Рәміздер күні» мерекесі аталып өтіледі. Түркістан қаласында Рәміздер күні мерекесіне «Туған жерім менің – Қазақстаным» атты патриоттық форум арналды. Шаһардағы ауқымды іс-шараға Түркістан қаласы Ішкі саясат бөлімі, Жастар ресурстық орталығы мамандары да белсене ат салысты. Форумға Түркістан жоғары медицина колледжінің «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының мүшелері, Түркістан обылысына қарасты қалалардың белсенді жастары, қала тұрғындары қатысты. Салтанатты шара әнұранды шырқаумен басталып, мәдениет, спорт және басқа түрлі салада жетістікке жетіп, көк туымызды желбіретіп жүрген азаматтарды марапаттаумен жалғасты.

Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің орынбасары Ж.Күлдербаевқа баянат берген Түркістан Жоғары медициналық колледжінің Әскери дайындық пәнінің мұғалімі Б.Рысбеков әскери-патриоттық клубының мүшелерін өзі бастап, Күлтөбе алаңынан Қ.А.Ясауи кесенесінің алдына дейін саппен жүріп өтті. Түркістан облысының жастары рәміздерді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Туға құрмет-Отанға құрмет» челленджін Қызылорда облысы жастарына жолдады.

Қалада тұрақты жыл сайын өткізілетін іс-шаралардың бірі –Халықаралық балаларды қорғау күні. Биыл да осы атаулы күн қарсаңында 50 мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы қайырымдылық шарасы өтті. «Түркістан мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ф. Қарамолданың бастамасымен өткен шарада мүмкіндігі шектеулі балалаларға мерекелік дастархан жайылып, сый-сияпат көрсетілді. Қайырымдылық шараға Кентау қалалық маслихатының депутаты Б. Хабибов демеушілік жасады.

Қалада ерекше күтім қажет ететін мыңнан аса бала бар. Олар­дың барлығына мемлекет қам­қорлық көрсетіп отыр. Бұндай балалардың болашағы қоғамдық ұйымдар мен кәсіпкерлердің де назарынан тыс қалмайды, мәдени, қайырымдылық шаралары ұйым­дастырылып тұрады.

Түркістан облыс орталығы болғандықтан аймақтағы басқа аудандармен бірігіп жұмыс істеудің ұтымды тұстары көп. Біріншіден қала тұрғындары мен ауылдықтарды жақындата түседі. Екіншіден, іс-шараларды ұйымдастырушылар өз тәжірибелеріме бөлісе алады.

Биылғы жылдың 9-11 маусым аралығында Түркістан қаласында Сарыағаш ауданының мәдениет күндеріне арналған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі табысты өтті. Алғашқы күн «Асыл мұра» атты қолөнер, қылқалам шеберлерінің көрмесі мен ұлттық салт-дәстүрлер көріністерімен басталды. Екінші күнді аудан жетістіктері туралы «Сарыағаш сыйы» көрмесі мен ұлттық спорттық ойындар сайысы жалғастырды.

Ауқымды шараны «Visit Turkistan» орталығы алаңында ҚР мәдениет қайраткері Медеу Арынбаев, танымал актер Мейірғат Амангелдин, «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблі, Сапаховтар отбасылық ансамблі және аудан көркемөнерпаздарының қатысуымен Гала-концерт түйіндеді. Сөйтіп қала тұрғындары оның қонақтары Сарыағаш ауданының жетістіктері мен өнерін тамашалауға мол мүмкіндікке ие болды.

Сол сияқты Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Түр­кістан қаласында жастар мен жасөспірімдерге болашақ маман­дығын айқын да сенімді таңдауға бағыт-бағдарын беру, сонымен қатар, мамандық әлемінде өзін-өзі тани білуіне дүние танымын кеңейту және қоғам алдындағы жауап­кершілігін қалыптастыру мақсатында, «Мүмкіндіктер уа­қыты» тақырыбында мотива­циялық кездесу өтті.

Жастардың қатысуымен өткен кездесуде Түркістан облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Шапағат» мүмкіндігі шексіз жандарға арналған мотивациялық орталықтың негізін қалаушы, төрағасы Шалтан Еркінбай Керімбайұлы өзінің жастарға деген кеңесін айтып, өмірлік жүріп өткен жолынан естеліктер айтып, жастарды дұрыс мамандық таңдауға, білікті маман иесі атанып, елміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Сонымен қатар, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімінің басшысы Гүлнұр Қыпшақбаева ел болашағы саналатын жастар қауымына ең бастысы алға дұрыс мақсат қоя біліп, сол мақсатқа жету жолында еңбектену керектігін, мақсат айқын, бағыт дұрыс болса, жастардың бағындырар белестері мен алар асулары көп болатынын айтты. Кездесу барысында тақырыпқа қатысты бейне-роликтер көрсетіліп, сұрақ-жауаптар қойылып, пікіралмасулар болды.

Жастар орталығының жұмысы жан-жақты, түрлі бағытта, әртүрлі тақырыпта жүргізіледі. Бірақ мақсат біреу – ол жастарды жаман әдеттерден, теріс әрекеттерден сақтап, сапалы білім алып, өмірден өз орнын тауып, еліміздің лайықты азаматы болуға жұмылдыру.

Пробация елімізде енді қолға алынып келе жатқан қызметтердің бірі. Оның мақсаты түзету мекемелерінен шыққан, есепте тұрған адамдарды қоғамнан оқшауламай керісінше жұмысқа орналасуға ықпал жасап, өмірге бейімдеуге көмек беру. Осылайша есептегі адамды тәрбиелеп, қайта қылмыс жасаудың алдын алу.

Есептегі азаматтарды жұмысқа тарту бойынша Түркістан қаласы Ішкі саясат бөлімі, Жастар ресурстық орталығының ұйым­дастыруымен Пробоция орталы­ғында жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен түсіндіру жұмыстары өтті. Шара барысында Әлеуметтік жұмыс орындары, Жастар практикасы, Алғашқы жұмыс орны жобасы және Жастарға өз кәсібін бастауға 2,5% жеңілдетіл несие беру жөнінде түсіндірілді.

Сол сияқты Түркістан облысында жыл басынан бері кәмелетке толмаған 2 мыңнан астам бала түнгі рейдтік іс-шаралар кезінде ұсталған. Аймақтық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында «Түнгі қаладағы балалар» рейдтік іс-шарасын жиі өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Мақсат – қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдердің қатысуымен болатын қылмыстардың алдын алу.

Осыған орай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық полиция департаментінің ЖПҚ орынбасары, полиция полковнигі Бегімхан Ахметов, облыстық адами әлеуетті дамыту басқарма басшысының орынбасары Нұржан Нұрлыбаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, сондай-ақ қалалық Полиция басқармасының жеке құрамындағы 35 қызметкер мониторингке қатысты.

Түнгі сағат 22.00-де Есім хан алаңында басталған рейдтік шара «Отырар» мөлтек ауданы аралығын қамтыды. Комиссия мүшелері екі топқа бөлініп, бірқатар ойын-сауық орындары, компьютерлік клубтар мен мейрамханаларға аралау жүргізді. Нәтижесінде ойынханалар мен мейрамханаларда кәмелетке толмаған балалар анықталып, ата-аналарына әкімшілік хаттама толтырылып, тіркелді. 16 мекеме иесі сағат 22.00-ден кейін жасөспірімдерді заңды өкілінсіз кіргізуге жол бергені үшін әкімшілік жауапқа тартылып, тиісті шаралар қолданылды.

Тағы бір өзекті мәселе жат діни ағымдардың жастарға тигізер кері әсері. Оны болдырмау үшін деструктивті діни ағымдарға қарсы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Түркістан қаласы әкімдігінің «Ішкі саясат бөлімі» ММ-нің дін саласына қатысты АТТ жоспарына сәйкес, Түркістан қалалық балалар ауруханасының дәрігер, мейірбикелеріне семинар өткізілді.

Семинарды ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Б.Нуритдинов, Айдос Әуезханов «Деструктивті діни ағымдардың қауіптілігі» тақырыбында семинар өткізді. Семинарда деструктивті діни ағымдардан келер қауіп қандай, әлеуметтік желідегі жат ағымдардың уағызшыларын қалай ажыратамыз, дәстүрлі дініміздің құндылықтары секілді өзекті мәселелер қозғалды. Қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға тиісті жауаптар берілді.

Жастарды тәрбиелеудің жолдары көп. Қазір мемлекеттіміз бұқаралық спортқа, жастарды спортқа баулуға баса назар аударып отыр. Мәдени іс-шаралармен бірге спортқа баулудың да маңызы зор. Онымен айналысқандардың бәрі чемпион болмағанымен спорт жастардың денсаулығына оң әсер етері белгілі. Екіншіден, спортпен айналысқан денесін ғана шынықтырмайды, сонымен алдына мақсат қоюды үйреніп, соған жетсем деген рухан шыңдалудан өтеді.

Қалада бұл бағытта көптеген спорттық жарыстар өткізіліп тұрады. Түркістан қаласы әкімді­гінің Ішкі саясат бөлімі және Жастар ресурстық орталығының ұйым­дастыруымен «Шынықсаң шымыр боласың!» атты велошеру өткізілді. Бұқаралық спортты дамыту аясында өткен шеруге Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөпірімдер спорт мектебінің спортшылары қатысты. Денсаулық саябағынан басталған жарыс жолына барлығы 40 шақты велоспортшы шықты.

Салтанатты шарада Ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Букебаев жасөпірімдерге әрдайым салауатты өмір салтын ұстанып, болашақта еліміздің мерейін үстем етуіне тілектестігін білдірді. Бұқаралық спортты насихаттауға үлес қосқан жас велошабандоздар шеру соңында «Алғыс хатпен» марапатталды.

Сондай айтулы іс-шаралардың бірі 1-наурыз «Алғыс айту» күніне орай қыздар арасында волейболдан «Гүл жайнаған Түркістан балғындары» атты спорттық сайыс өткізді. Жарысқа мектеп оқушыларынан жиналған қыздар қатысып, бақтарын сынады. Қызықты да бәсекелі дода 13 командалар арасында өрбіді. Спорттық сайысты тамашалауға келген қонақтар тартысты ойынның куәсі болды. Нәтижесінде №18 Ж.Еділбаев атындағы мектеп командасының қыздары айқын басымдықпен бірінші орынға ие болды. Жүлделі екінші орынды №5 Ғ.Мұратбаев атындағы, үшінші орынды №28 мектеп лицей қыздар комндалары иеленді. Жеңімпаздарға арнайы ақшалай сыйлық тағайындалды. Бірінші орынға – 120 мың, екінші орынға 100 мың, үшінші орынға 80 мың теңге берілді. Сонымен бірге үздік жаттықтырушы Нұрзат Әміралиев, үздік ойншы Балнұр Қалықұл да марапатталды. Барлық қатысушыларға арнайы алғыс хаттар мен естелік кубоктары табыс етілді.

Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі және Жас­тар ресурстық орталығы қыздар арасында спорттық сайыстарды жалғастырып үрдіске айналдырмақшы. Түркістан жастары өздерінің атқарып келе жатқан осындай игі істерін алдағы уақытта да белсенді түрде жалғастыра береді деп сенеміз.

Б.МЫРЗАҰЛЫ