Аудан кірісінің көбеюіне ықпал ететін кәсіптің ауқымды түрі жүзеге асуда.

Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Сауран ауданы ежелден-ақ мал шаруашылығына бейімді өңір саналады. Бүгінде мал шаруашылығы ауданның аумақтық дамуына үлкен септігін тигізіп отыр. Ауданда ата кәсіпті жалғап отырған шаруалар көп-ақ. Соңғы жылдары ауданда балық шаруашылығына қызығушылық танытып отырған кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Жақында дәл осы сала бойынша жұмыс істейтін шаруа қожалығы ашылмақ. Нақтырағы ауданда мал шаруашылығымен айналысып отырған «Иманқұл ата» мекемесі балық шаруашылығын да дамытуды қолға алуды көздеп отыр. Үшқайық ауылдық округінде орналасқан шаруа қожалығы тарапынан 2 гектар жер көлемінде балық шаруашылығына 800 миллион теңге бөліп, кәсіпті дамытуды жоспарлауда. Шаруа қожалығының иесі Иманқұл ата аймақта өзінің еңбекқорлығымен танылған жан. Ол миемлекеттік «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қаражат алып, шаруа қожалығын дамытқан.
Жалпы Түркістан облысы балық шаруашылығын дамытуға мықтап кірісті. Алдағы үш жылда өңірде жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу жоспары бар. Биылдың өзінде тауарлы балық өсіретін 30 шаруашылық жұмысын бастап кетті.
2020 жылы Үкімет бекіткен балық шаруашылығын дамытудың 10 жылдық бағдарламасына сәйкес, өңірде 2030 жылға дейін 20 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр. Биыл саланы дамытуға жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Екінші жарты жылдыққа да сонша қаржы қаралған. Ал инвестициялық субсидия ретінде республикалық бюджеттен 226 миллион теңге бөлінген. Одан бөлек балық жемінің 30 пайыз, ал шабағы мен аналығын сатып алуға кеткен шығынның 25 пайызын мемлекет өтейді.
Түркістан облысында балық шаруашылығы саласының жағдайы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов былай дейді: «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 миллион теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда. Тауарлы балық өндіру бойынша біздің облыс республикада көшбасшы болып отырмыз. Жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі тағы да тапсырма берді. Биылға жоспарлаған межеміз 6640 тонна болатын тауарлы балық өндіру бойынша, соны 2024 жылы 10 мың тоннаға жеткізу жүктелді. Соның аясында жұмыс істеп жатырмыз».
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Жоспарға сай, биыл облыста 6640 тонна балық өсірілуі қажет. I тоқсанның қорытындысы бойынша 2559 тонна өндіріліпті.
Аудан, қала әкімдіктерінің аумағынан 2023-2025 жылдары жаңадан ашуға жоспарланған 91 шаруашылыққа инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде бекітілген жағдайда, 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады дейді мамандар. Айта кетейік, балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 2023 – 2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 миллиард 700 миллион теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.