ШАҒАЛАЛЫ ШАРДАРА
Шардара өңірі тарихы мен мәдениеті, өркениеті мен дамуы қатар ұштасқан киелі де шежірелі мекен. Шардара сөзінің мағынасы парсы тілінен аударғанда «төрт қақпа» деген мағынаны білдіреді екен. Ертеде бұл жер тоғыз жолдың торабы, керуен жолдарының түйіскен жері болған. Аталған ауданның мақтанышы, Шардара су қоймасы. Сыйымдылығы 5.2 млрд. текше метр жасанды су қоймасы орналасқан аймақ.
Ескерткіштер мәңгілікке су астында қалғанымен, адамзат пен ғылым үшін маңыздылығын жоймаған. 1959-1963 жылдар аралығында бұл өлкеде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде V-XIII ғасырлар аралығында бұл мекенде Ақтөбе және Жаушықұм қалашықтары болғанын анықталған. Сыр өзені бойынан табылған археологиялық ескерткіштер және мазарлар дәлел болған. XIII ғасырдағы монғол шапқыншылығынан кейін қала дамуын тоқтатқан. Бұл тарихи деректер В.В.Бартольд, А.Н.Берштам еңбектерінде және XVI-шы ғасырдың теңдессіз, құнды жазба дерегі болып табылатын Фазаллах ибн Рузбихан ал Исфаханидің «Мехманнаме Бұхара» атты кітабында кеңінен көрініс тапқан.
Шежірелі Шардарада бүтіндей сақталып қалған орта ғасырлық ескерткіштердің бірі – «Ұзын ата» кесенесі. Ол қазіргі Ұзын-ата ауылдық округінен 8 шақырым жерде орналасқан. XV ғасырдың басында дүниеге келген тарихи жәдігер. Деректерге сүйенер болсақ, Ақсақ Темірдің әмірімен салынған бұл кесенеде Орта Азияда ислам дінін таратумен айналысқан , шын есімі Асан ата аталған әулие кісі жерленген. Ол кісі Ақсақ Темірдің жақын кеңесшілерінің бірі болған. Бұл өңірді суландыру жолындағы ұлы жорық 1958 жылдың тамыз айынан бастау алады. Сол жылдары Шардара құрылыс басқармасы құрылып, оның бастығы Ә.К.Қасымов бастаған 26 адам қазіргі Шардара қаласы орналасқан Жаушықұмға келіп қоныс тепкен еді. Өз дәуірінде бүкіл Кеңестер Одағында ерекше маңызға ие болған нысан – Шардара су электр станциясы. Оның құрылысы 1967 жылдың 15-қазанында аяқталып, пайдалануға берілген.
Аудан негізінен сол уақыттарда еліміздің халық шаруашылығында шешуші маңызы бар дақылдың бірі, күріш өсіруге мамандандырылды. Шардара ауданында Кеңес Одағы тұсында күріш өсіретін кеңшарларымен қатар қаракөл қой шаруашылықтары жұмыс істеп, су электр станциясы, астық қабылдау мекемесі секілді ірі кәсіпорындарымен бүкіл одаққа танымал болды. 1970-1980 жылдары аудан одақ, республикалық социалистік жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанды. Ауданның тұңғыш басшысы Қауысбек Тұрысбеков болды.
Соңғы кезде ауданда туризм саласы қарқынды дамуда. «Алтын жағажай», «Күміс жағажайда» болған жан өзін шетелде жүргендей күй кешеді.