АРЫСТАН БАБ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

«Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөзді жылына бір рет болсын естиміз. Бірақ бұл сөздің не үшін айтылатынын бірі білсе, бірі білмейді. Ендеше аңыз былай өрбиді: «Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) 63 жасында дүниеден өтіпті. Дүние саларында халықты жинап, «кім менің аманатымды алып, ісімді әрі жалғар екен» деген өтінішіне 300 жастағы Арыстан баб жауап береді. Ол 30 түрлі дінді білген, бірақ тек исламға мойынсұнған адам екен. Арыстан бабтың келісімін алған Мұхаммед (с.ғ.с) Алланың қалауымен аманатын Арыстан бабқа береді. Содан 500 жыл өткен соң далада келе жатқан Арыстанбабқа 11 жасар бала: «Ата, аманатымды беріңіз» дейді. Сол бала Қожа Ахмет екен.

Бұл аңыздың негізгі ойы — Қожа Ахмет Мұхаммедтің (с.ғ.с) ісін жалғастырушы болса, Арыстан баб — оларды байланыстырушы дегенге саяды.

Арыстан баб кесенесі — көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші.
Түркістан халқының арасында мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болған Арыстан баб ата қабірінің басына салынған. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кесененің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Қабір үстіне алғашқы белгі 12 ғасыр шамасында салынған. Мазар 14 ғасырда қайта жөнделген. Арыстан баб кесенесі 20 ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен күйдірілген кірпіштен ауданы 35×12 метр, биіктігі 12 метр, бұрынғы Меккеге қараған есігі Түркістанға, Әзірет Сұлтанға бағытталып, Солтүстік жағы кесене, Оңтүстік жағы мешіт есебінде қайта жөнделген. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген.

ТАҒЫ БІР АҢЫЗ.

Арыстан баб Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың елшісі болған. Бір күні Мұхаммед пайғамбар өзінің шәкірттерімен құрма жеп отырған еді. Бір құрма қайта-қайта ыдыстан құлай беріп, пайғамбар ішкі дауысты естіді: «Бұл құрма Сізден кейін 400 жыл алдағы уақытта туылатын мұсылман бала Ахметке арналған». Сонда пайғамбар шәкірттері ішінен бұл құрманы кім иесіне жеткізетінін сұрайды. Ешкім үн қатпады. Пайғамбар сұрақты қайта қойғаннан кейін, Арыстан баб былай деді: «Егер Сіз Алла Тағаладан 400 жыл сұрап берсеңіз мен бұл құрманы иесіне жеткіземін». Қожа Ахмет Яссауи ұлы әулие мен діни көріпкел 1103 жылы туылып 1166 жылы қайтыс болған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша Арыстан баб кесенесінің үстінде ешқашан бұлт тұрмайды екен. Әрдайым ашық аспан астында тұрады. Бұл да болса жоғарыда айтылған аңыздардың ішінде шындығы бар секілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *