ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІ

Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Қожа Ахмет Ясауи дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи ғимараты орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Ол XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, софизмді уағыздаушы Ахмет Ясауидің бейітінің басына орнатылған.


Халық аңыздарында Түркістандағы әулиенің аруағын атақты қолбасшы, бүкіл Шығысты тітіренткен Ақсақ Темірдің айрықша сыйлап өткені айтылады. Оның әмірімен Ахмет Ясауи қайтыс болғаннан екі жүз жыл кейін қирап бітуге таянған кішкене ғана мазардың орнына, дүние жүзілік сәулет өнерінің белгілі ескерткіші орнатылды.


ХІV ғасырдың аяғында бұл күмбез біткен соң Әмір Темір көреген Әзірет Сұлтанның қорын ұйымдастырып, өзі арнайы қол қойып бекіткен. Дегенмен, Қазандықтың ішкі есіктерінің біріндегі халькаға жазылған «1394-1395 жылдар» Темірдің өзі белгілеп берген. Бұл – ғимараттың басқа бөліктерінің кіндігі. Темір үйдің ішкі сәні мен салтанаты қалай болуы керегтігін де айтқан. «Қолхаты» жазылған. «Қолхатта» Әмір Темір көрегендікпен жаңа біткен ғимарат туралы «ешқашан да, қандай болған жағдайда да сатуға, жекеменшік секілді ұрпақтан-ұрпаққа уақытша немесе түбегейлі біреуге беруге болмайтынын қатты ескерткен».


Ғимараттың кіре беріс есігінің ішкі маңдайшасында қазірге дейін жақсы сақталған жазудан мынадай сөздерді оқуға болады: «Бұл әулие мекен Алла тағаланың рахымы жауған падиша Әмір-Темір Көрегеннің жарлығы бойынша орнатылды… Алла тағала оның әмірінің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!»
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі талай ғасырдан бері мұсылманшылықтың алтын бесігі болып келеді. Оны бүкіл қазақ жұрты, түркі әлемі ерекше қасиет тұтады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – түркі әлемінің рухани орталығы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *