ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ ӘКІМІ БОКСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРЛЕРДІҢ ЖЕҢІМПАЗЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов бокстан жастар арасындағы бірнеше Халықаралық турнирлердің жеңімпазы, жерлесіміз Ерсұлтан Кенжебекұлын қабылдап, қыркүйек айының басында Босния және Герцеговина мемлекетінде Халықаралық турнирде +92 салмақта жеңімпаз болуымен құттықтады,  деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған oninfo.kz ақпараттық агенттігі.
«Кез-келген елдің Әнұраны шет елде екі жағдайда шырқалады, біріншісі – мемлекет басшысы ресми іс-сапармен келгенде болса, екіншісі – спортшылары жеңіске жеткен сәтте.
Сіз де өзіңіздің шаршы алаңдағы жеңістеріңізбен әлем елдері алдында Әнұранымызды шырқатып, абыройымызды асқақтатып жүрсіз.
Ауданымыздың тумасы ретінде өзіңізге айтар алғысымыз шексіз. Сіздердің әрбір жеңістеріңіз жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Жеңісті күндеріміз көп болсын!» деген аудан басшысы өз атынан алғыс хат тапсырып, сый-сияпат жасады.
Айта кетейік, Ерсұлтан Сапар Кенжебекұлы 2005 жылы 27 тамызда Жетісай ауданы, Мақталы ауылдық округінде дүниеге келген.
2018 жылдан бастап Жетісай қаласындағы спорт кешенінде бокстан ауданның аға бапкер Нұрлыбек Манқараевтың қоластында жаттығуды бастап, бірнеше аудандық, облыстық жарыстарда жеңіске жетеді.
2020 жылдың қыркүйегінен бастап Алматы қаласындағы республикалық спорт колледжіне түсіп, білікті бапкер Медеу Джумашевтың шәкірттері қатарында жаттығады.
2021 жылы Түркістан қаласында Сидней олимпиадасының жеңімпазы Б.Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы Халықаралық турнирде ІІ орын иеленсе, 2022 жылы жастар арасында Ақтау қаласында өткен ел чемпионатында І орынды жеңіп алады.
Сол жылы Жетісу облысында жастар арасындағы Халықаралық турнирде І орын, Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбековтың жүлдесіне арналған Түркістан қаласындағы Халықаралық турнирде І орын алады.
2023 жылы Черногория мемлекетінің Будва қаласында жастар арасында өткен Әлем кубогында ІІ орынды, қыркүйек айының басында Босния және Герцеговина мемлекетінде жастар арасында «А» класс дәрежелі Халықаралық турнирінде І орын иеленген.