ЖАСӨСПІРІМДЕР ТӘРБИЕСІ – БАРШАҒА ОРТАҚ МІНДЕТ
Еліміздің келешегі – жас жеткіншектердің тәрбие мәселесі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ананың, мектептің қадағалауын талап етеді. Себебі, психолог мамандардың зерттеуіне сенсек, жас баланың саналы азамат болып қалыптасуында оның жанұяда, мектеп қабырғасында, көшеде көрген өнегелері ерекше орын алады.
Осы мақсатта Отырар ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен жұмысшы топ құрылып, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу, есірткі мен синтетикалық заттарды қолданудың денсаулыққа зияны, өмірге қауіптілігі туралы тағылымды ақпарат беру, діни экстремизм мен терроризмнің қоғамға қауіптілігін түсіндіру, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бүгін жоспарлы кездесу жиыны Темір ауыл округінде жалғасып, аудандық орталық аурухана психолог маманы Динара Маратқызы, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің теолог маманы Назира Нұржанқызы, «Белсенді ұзақ өмір» КММ-нің психолог маманы Ақмарал Сембекқызы, орталық аурухана гинекологы Лаззат Нұрғалиқызы, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің психолологы Ләйлә Мұратқызы қатысты.
Жиын барысында құқық қорғау органының өкілі Арман Сұлтанұлының айтуынша Заңда көзделген тәртіп бойынша сағат 23.00-ден кейін балалар мен жасөспірімдер тек ата-аналарымен немесе олардың заңды өкілдерімен үйден тыс жерде болуына рұқсат етіледі. Алайда, Отырар аудандық Полиция бөлімінің жүргізген түңгі рейдтік шаралары барысында аудан орталығында және шалғай жатқан елдімекендерде мектеп оқушыларының түңгі мезгілде жүруі анықталған.
Кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жасөсіпірімдермен ашық сөйлесіп, полиция қызметкерлері тек қана жауапкершілікке тартумен ғана емес, сонымен қатар жасөспірімнің құқығын қорғау мақсатында жұмыс жасайтындығы туралы түсіндірілді.
Жұмысшы топ оқушылардан бөлек ата-аналармен де кездесіп, балалардың тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, оларды жан-жақты қадағалап қоғамдағы жат қылықтардан сақтануын қадағалау мәселелері талқыланды.