ЖАЛҒА АЛЫНАТЫН ТҰРҒЫН ҮЙДІ СУБСИДИЯЛАУҒА 1400 АЗАМАТТЫҢ ӨТІНІМІ МАҚҰЛДАНДЫ

Шымкент қаласы бойынша тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялауға жолданған 1400 азаматтың өтінімі мақұлданды. Оның ішінде 221 азаматпен «Отбасы банк» арасында келісім шарт түзіліп, жалдау ақысының 50%-ы мемлекет тарапынан аударылды.
Осыған байланысты тұрғын үй басқармасы мен “Отбасы банк” өкілдері бірлесе Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесіп, тұрғын үй субсидиясы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бағдарлама талаптарына сәйкес тұрғын үй кезегіне тіркелген 1 және 2 топтағы мүгедектері, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар субсидия алуға өтінішті otbasybank.kz платформасында бере алады.
Өтініш берушінің соңғы 6 айға отбасыдағы адам басына шаққандағы табысы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек (1 КМ = 37 389 теңге). Өтініш беру үшін ЭЦҚ-сы болуы қажет.
Азаматтар субсидиялауға қатысты сұрақтар бойынша Шымкент қаласы, Бейбітшілік 3 мекен жайында орналасақан “Аманат” партиясының 1-ші қабатындағы “Отбасы банк” кеңесшілеріне жүгіне алады.
Президент тапсырмасына сәйкес азаматтардың жекелеген санатының баспана мәселесін жедел шешу мақсатында жалға алған тұрғын үйді субсидиялау тетігі іске қосылды. Мұндай игілікті көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, жетім балалар, халықтың әлеуметтік осал тобына жататын мүгедек балалары бар отбасылар пайдалана алады.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Алмаз Ыдырысовтың мәліметінше, бүгінде елімізде шамамен 600 мың адам кезекте тұр. Оның 215 мыңы халықтың әлеуметтік осал тобына жатады. Олар – көпбалалы отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар.