Заманауи қазақ әдебиеті: балаларға арналған 5 шығарма

Балалар әдебиеті – балаларға арналған шығармалар, балалар өмірінің энциклопедиясы. Ең бастысы – балалардың рухани мәдениетін байытып, туған елі мен жерін сүюге, ата-анасын сыйлау, үлкенге құрмет көрсету, имандылыққа тәрбиелеу.

Балалар әдебиеті жас ерекшеліктеріне байланысты бірнеше салаға бөлінеді. Балаларға арналған шығармалар жасөспірімдердің ой-өрісін, сана-сезімін дамытып, оларға заман талабына сай тәлім-тәрбие беруге бағытталады.

Кітап оқып, кітаппен дос болып өскен баланың қиялы ұшқыр, кез келген іске алғыр болады. Балаларға арнап шығарма жазу, үлкендерге арнап жазғаннан гөрі қиын. Балалар әдебиетінде дәлдік пен барлық сұраққа жауап беру талап етіледі.

Сәуле Досжанова – «Біртуар»

«Біртуар» кітабы даңқты спортшы, Мəскеу Олимпиадасының жүлдегері, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің өмір жолы туралы жазылған. Қазақ батырының тарихы арқылы жас ұрпақтың бойына спортқа, Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуге болады.

«Жақсылық Үшкемпіровті жеке білетін болғандықтан оның жетістіктері туралы жазуды өзіме парыз санадым. Қазіргі заманда арамызда батырлар бар ма деп ойлайтындар көп. Міне, жауап. Жақсылық Үшкемпіров – Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш батыры. Еліміздің ғана емес, бүкіл халықтың абыройын асқақтатты», — дейді кітап авторы.

Кітап балаларды спортқа баулып, шынығып өсуге үйретеді.

Лилия Калаус. Зира Наурызбаева – «Алтын тостағанды іздеу»

Балалар бұл кітап арқылы Массагеттердің ханзадасы Аспарамен танысып, онымен бірге ерте заманда жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен даналық пен әділеттің киелі алтын тостағанын іздеу үшін бірге саяхаттайды. Іздеу барысында олар Самұрық сияқты мифологиялық кейіпкерлерді кездестіреді. Ол балаларға жаулардың айла-амалдарын жеңуге көмектеседі. Кітап кейіпкерлерін күтпеген олжалар мен жоғалтулар, сатқындық пен достасу күтеді. Шығарма  балаларды жауапты, батыл болуға үйретеді.

Кеңес Оразбекұлы – «Тұран баһадүрлері»

Ер, Би, Нар — бауырлар, қазіргі заман балалары. Үркерліктер оларға «Дәуір сағатын» сыйлайды. Сол «сағатпен» олар Алып Ер Тоңға, Анахарсис, Томирис, Шырақ, Сыпатай, Мөде тәңірқұт, Аттила, Тоныкөк — Күлтегін, Әл-Фараби, Қайыр хан (Отырар қорғанысы), Өтейбойдақ шипагер, Тәуке хан — Қожаберген батыр замандарына «сапар шегеді». Ата-бабаларымыздың тарихымен, өркениетімен танысып, мақтанышқа кенеледі. Өздері де тарихи, ерлік жорықтарға қатысып, отаншылдықтың үлгі-өнегесін көрсетеді.

Бейбіт Сарыбай – «Ақтабан»

«Ит – жеті қазынаның бірі». Көшпенді қазақ тұрмысында иттің алатын орны ерекше. Әсіресе, малшылардың сенімді серігі. Олардың айтуынша иттердің қасқырға қарсы үрген дыбысы жай кездері үргенінен басқаша болады екен. Санаулы күннен соң ит жылы есігімізден енгелі тұр. Қазақ әдебиетінде ит туралы шығармалар жетерлік. Солардың бірі талантты жазушы Бейбіт Сарыбайдың «Ақтабан» атты хикаяты. Бұлардан бөлек жинаққа автордың бірнеше әңгімелері енген. Барлық шығарма ауыл өміріндегі қызықтарды баяндайды. «Ақтабан» хикаяты жаңа ауылға көшіп келген баланың итпен достығын суреттейді. Кітаптың тілі жеңіл.

Сырманов Алпамыс: «Сарман: алты таңбаның кітабы»

Жақында Сырманов Алпамыстың «Сарман: алты таңбаның кітабы» атты балаларға арналған фэнтези жанрындағы романы жарық көрді. Алпамыс әдебиет табалдырын енді аттап жатқан жас қаламгер.

Оқиға орта ғасырдағы «Тұран» атты мемлекетте өтеді. Ол жердегі «өлмейтін хан» атанған – «Тарын», тақта мәңгі отыру үшін әлемді жойып жіберуден де тайынбайды. Оған қарсы тұру үшін алып күштің иесі – «Табураттар», ақыл-ойдың иесі – «Мардарлар» және супер күшке ие – «Сармандар» бірігеді. Жалпы, кітап өте қызықты, шытырман оқиғалы. Нағыз балаларға арналған.

 

Т. Раушанұлы