ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫС – ЖАУАПСЫЗ ҚЫЛМЫС

24 қазан күні Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ә.Лесбеков есеп берді. Аталған басқарманың жұмысына қатысты бірқатар сын айтылды. Жиын барысында Шымкент қаласында 1000-нан астам нысанның құрылысын жұмыстарында заңсыз әрекеттерге жол берілгені белгілі болды.

Бүгін заңсыз жұмыстардың себебін білу үшін сәулет және қала құрылысы басқармасының орынбасары Архабаев Нұрланды қабылдадым. Белгілі болғандай, мыңнан аса нысанның заңсыз салынғаны жөнінде қала құрылысын бақылау басқармасына 70-тен аса тиісті хат жазылған.

Алайда ол хаттар «ГАСК-ке» бармаған. Нақтырақ айтсақ Шымкенттегі қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Берік Дүйсеновке жетпеген. Мысалы, мына суреттегі нысандардың құжаттары болмаса да қабылданып қойған екен.

Бұның бәрі қылмысты жабудың бір жолы емес пе? Әлде хаттардың тіркелмеуі басқарма басшысының жұмысындағы заңсыздықтарды жасыру ма? Бұл хаттар негізінде құрылыс нысандарын бақылауға алынып, тексерілуі керек. Ал сәулет және қала құрылысы басқармасы заңсыз құрылыстарды тексертудің орнына өздері заңсыздықтарға жол беруде.

Неге? Мысалы, бір құрылыс нысанының жобалық сметалық құжаттарын әзірлеуге, сараптама өткізуге қомақты қаражат (2 млн.теңгемен 20 млн.теңгенің арасы) қажет. Сәулет және қала құрылысы басқармасы болса бірде-бір құжатсыз құрылысты қабылдап жүргені заңсыз, барып тұрған қылмыстың ордасы емес пе деген ой келеді. 

Жоғарыда аталған заңсыз құрылыс нысандары, тойхана болмаса бизнес ғимараттары күндердің бір күнінде құлап қалып, адам шығынына алып келмесіне кім кепілдік береді?

Шымкент қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы, Шымкент қаласының прокуратурасы, Шымкент қаласы әкімдігінің аппараты және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті бұл заңсыздықтарға тексерістер жүргізуі қажет.

 

Нұрғазы Бұхарбай,

Шымкент қаласы Қоғамдық кеңестің төрағасы,

мәслихаттағы «Nur Otan» фракциясының мүшесі.