ТАРИХ ТҰНҒАН ШАҺАР

Түркістанның топырағы киелі

Құшақ жайған күллі түркі жұртына.

Мекке болған мұсылманға екінші

Бақ болдың-ау қазақ дейтін жұртыма.

Хан-батырдың қаны сіңген жеріне

Топырағың сыр айтардай жұлқына.

Кесене тұр хақ төріңде қасқайып

Күннің әрбір сәулесіне құлпыра.

Түркістаным – түркілердің мекені,

Әрбір тасың жұмбақ болған сыр тұна.

Талай елдер жауламаққа бекінді

Төрт қақпаңның қызығып-ақ сыртына.

Кесене бар Қожа Ахмет Иассауи

Ақсақ Темір ірге тасын қалаған.

Талай ханның ордасы боп кесене

Сан ұрпаққа аңыз болып тараған.

Түркістанның бар тарихын сұраңыз

Еңкейген қарт, еңбектеген баладан.

Әлемнің әр бұрышынан келеді

Ниет етіп, тағзым еткен сан адам.

Түркістанның топырағында бағыма

Дүниеге алып келді жан анам!

Түркістанды тұнып тұрған тарихқа

Көрсе деймін өз көзімен әр адам.

Түркістанның әрбір жерін құт болған,

Бере салған пейіліне қазақтың.

Көк күмбезді кесененің қақпасы

Қорғаны боп талай қанды азаптың.

Тәуке, Жәңгір, Бөкейхан бар бұл жерде

Арман болған дәл осындай ғажап күн.

Абылай хан, Қазыбек би, Бөгенбай

Басын иген ұлылығына қазақ мың.

Әбілмәмбет, Жәнібек пен Барақ бар

Бастарынан өткен талай азап мұң.

Қан мен терін төгіп кеткен батырлар

Тек сендердің арқаларың, азатпын!

Сегізінші кереметі әлемнің

Күллі түркі кие тұтқан кесенем.

Көркеюде Түркістаным күн сайын

Қонақтарға ақ құшағын төсеген.

Баба рухы жатқан шығар бір аунап

Ұрпағына көгерсін деп көсегең.

Неткен бақытты адам едім өмірге

Түркістанда келу жаз(ыл)ған пешенем.

Сенер едім, «Түркістанның әр тасы

Тұнып тұрған тарих екен» десе мен.

Өтсе-дағы талай жыл мен ғасырлар

Өткен күннің із-таңбасы тұр әлі.

Кесенеге көз жүгіртсең көресің,

Абылайды «әруақ» болған ұраны.

Сопы болған Иассауи бар қылуетте

Қаза болмас намазы мен құраны.

Әмір Темір әмірімен салғызған,

Кесененің сөнбесін деп шырағы.

Хандығына орда қылған қазақтың

Есім ханның ескі жолы тұрады.

Түркістанның топырағын ақтарсаң,

Әлі талай құпия-сыр шығады.

Көне қала жаңарады гүлденіп,

Елбасының бұйрығымен кешегі.

Талай жаңа ғимараттар салынып,

Түркістаным өркендейді, өседі

Туристтердің мекеніне айналып

Қызмет қылар «Керуен сарай» кешені.

«Жібек жолы» саябағын көз тоймас

Нағыз қиял әлеміндей деседі.

Бой көтерді «Оқушылар сарайы»

Жастарының бағы болған бес елі.

Түрлі-түсті субұрқақтар тағы бар

Әуенімен тербететін көшені.

Амфитеатр, Конгресс холл, Медиа

Орталықтар – мәдениет мекені.

Әлем көрер футбол ойындары әлі

Біздің әсем Стадионда өтеді.

Алда талай көз тоймайтын көркіне

Ғимараттың қаланады кесегі.

Ата- бабам аманат қып қалдырған

Тарих мәңгі еншісінде өткеннің.

Жаңа қала бой түзейді Тұранда

Нұр шуағын шашатындай көктен күн.

Талай ақын өткен шығар жыр арнап,

Мен де саған жырдың дәнін сепкенмін.

Түркістаным жаңара бер, жайнай бер

Мұзды жарған шешегіндей көктемнің.

Мөлдір ХАЛИЛАЕВА.