Түркістандық кәсіпкер Германияда бизнес-тағылымдамадан өтуде

«Іскерлік байланыстар» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан Partnering in Business with Germany халықаралық бағдарламасы бойынша Түркістан облысының кәсіпкері, «Майлыкент Агро» ЖШС директоры Жабатаев Берік қазіргі таңда Германия Федеративтік Республикасында бизнес-тағылымдамадан өтуде.

Аталған бағдарлама кәсіпкерлер арасында халықаралық іскерлік байланыстар орнатуға, тәжірибе алмасуға және өндірістік кооперацияны дамытуға бағытталған. Бағдарлама шеңберінде қатысушылар Германияның жетекші кәсіпорындарының жұмысымен танысып, заманауи басқару жүйелері мен өндірістік технологияларды меңгеру мүмкіндігіне ие болады.

Жабатаев Беріктің бағдарламаға қатысуына Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы жанынан Шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімі мен Ауыл шаруашылығын дамыту бөлімі жан-жақты қолдау көрсетті. «Атамекен» ҚР ҰҚП тарапынан құжаттарды рәсімдеу, бағдарлама талаптарына сәйкес сүйемелдеу, консультациялық қолдау көрсету және іріктеу кезеңдерінен өткізу жұмыстары толық жүргізілді.

Айта кетейік, «Іскерлік байланыстар» жобасы Қазақстан кәсіпкерлерінің шетелдік серіктестермен ынтымақтастығын нығайтуға, жаңа технологиялар мен озық тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік беретін тиімді халықаралық алаңдардың бірі болып табылады.

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да өңір кәсіпкерлерін халықаралық бағдарламаларға тарту және оларды жан-жақты сүйемелдеу жұмыстарын жалғастырады.