ТҮРКІСТАНДА «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ФЕСТИВАЛІНІҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

Түркістан төрінде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің ресми ашылуы өтті. Салтанатты шараға Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Мемлекет басшысы Түркістанға сапарында қалаға тарихи елорда мәртебесін беру жөнінде айтқан болатын. Ондай мәртебе үшін ұлттық құндылықтарымызға үлес қосатын төл мәдениетіміз бен өнеріміздің орны ерекше. Осыған орай Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет және туризм басқармасы «Өнерлі өлке» облыстық фестивалін ұйымдастырып отырмыз. Жалпы 4 айға созылатын ауқымды фестивальдің мақсаты – ұлттық мәдениет пен өнерімізді дамыту, Түркістанның туристік әлеуетін дамыту, сонымен қатар аудандағы таланттарды таныту, – деді Әзімхан Серікұлы.

Фестиваль аясында апта сайын жұма-сенбі күндері Этноауылда қылқалам мен қолөнершеберлерінің көрмесі, әдеп-ғұрыпқа негізделген көріністер мен ұлттық ойындардан үзінділер көрсететін болса, жексенбі күні «Керуен сарай» кешенінде гала-концерт ұйымдастырылады. Сайыстың қорытындысын кәсіби өнер иелерінен құралған қазылар алқасы сараптап, бағасын береді. Үздік өнер көрсеткен аудан-қала ұжымы бағалы сыйлықтарға ие болады.