ТҮРКІСТАНДА БИЫЛ 34 МЫҢНАН АСТАМ АБОНЕНТ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНЕ ҚОСЫЛАДЫ

2022 жылдың нәтижесінде Түркістан қаласының 175 шақырымды құрайтын 185 көшесіне тас төселген болатын. Биыл бұл жұмыстар жалғасын тауып, 94 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізіледі.

Қазіргі таңда тас төсеу жұмыстары 21 шақырымды құрайтын 24 көшеде жүргізілді. Атап айтқанда, «Яссы», «Шауғар», «Бірлік», «Отырар» секторларындағы 5 көшеге, «Сауран» секторындағы Н.Бекежанов, М.Өтемісұлы көшелеріне, «Бекзат» секторындағы А.Үсенов, А.Дибаев көшелеріне тас төселді. Сондай-ақ 4,7 шақырымды құрайтын 5 көшеде тас төсеу үшін жол негізі төгіліп, дайындалуда.

Бұдан бөлек, биыл қаланы кәріз жүйесімен қамтуды 40%-ға жеткізу жоспарда бар. Қазіргі таңда қаладағы 7 нысанда кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, «Тұран – 2», «Отырар – 2», «Яссы – Ыждыхат» шағын аудандары, «Бекзат» және «Бірлік» секторларында және «Ортақ» мөлтек аудандарында кәріз жүйелері тартылуда. Сонымен қатар 5 нысан қаржыландыруға ұсынылып, 4 нысанға жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.

Аталған жұмыстар аяқталғанда, қаланың кәрізбен қамтылған бөлігін 40%-ға жеткізу жоспарлануда. Нәтижесінде, 34 177 абонентке кәріз жүйесі қолжетімді болады. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 32% болған.