Түркістанда балабақшаларға қатысты бақылау талаптары мен кәсіпкерлердің мәселелері талқыланды
Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жүргізілген бақылау іс-шараларының нәтижелері және анықталған кемшіліктерді жою мерзімдері талқыланды. Салалық кәсіпкерлер кеңесінің отырысына мемлекеттік органдардың өкілдері, жекеменшік балабақшалардың құрылтайшылары мен сала мамандары қатысты.
Кездесуде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары жүргізген тексерулер барысында анықталған кемшіліктер және оларды белгіленген мерзімде жою кезінде туындайтын қиындықтар көтерілді.
Кәсіпкерлердің айтуынша, кейбір талаптарды орындау үшін ғимараттардың ішкі жоспарлануын өзгерту, құрылыс жұмыстарын жүргізу, жобалау құжаттарын әзірлеу және тиісті мемлекеттік органдармен келісу қажет. Мұндай рәсімдер уақытты талап ететіндіктен, барлық кемшілікті қысқа мерзімде жою іс жүзінде қиындық туғызады.
Сонымен қатар кәсіпкерлер талаптарды орындаудан бас тартпайтынын, алайда кемшіліктерді жою мерзімін белгілеу кезінде әр ұйымның нақты жағдайы мен қажетті жұмыстардың көлемін ескеруді сұрайтынын жеткізді.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов мәселені шешуде мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығына тоқталды.
«Балабақшалардың қауіпсіздігі мен балалардың денсаулығын қорғау – басты міндеттердің бірі. Сонымен қатар кәсіпкерлердің талаптарды орындау барысында кездесетін нақты қиындықтарын да ескеруіміз қажет. Сондықтан әрбір мәселені тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қарап, заңнама аясында оңтайлы шешімдер іздеу маңызды», – деді ол.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев кәсіпкерлердің өтініштері жан-жақты қаралып, мәселелердің жүйелі түрде шешілуі қажеттігін атап өтті.
«Кәсіпкерлердің мақсаты – заң талаптарын орындап, балаларға сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсету. Алайда ғимаратты қайта жоспарлау немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу сияқты күрделі міндеттерді орындау үшін белгілі бір уақыт пен тиісті рәсімдер қажет. Сондықтан анықталған кемшіліктердің сипаты мен көлемін ескере отырып, оларды жою мерзімдерін нақты жағдайға сай қарастыру маңызды. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғап, мемлекеттік органдармен бірлесіп, мәселенің заң аясында шешілуіне ықпал ету», – деді Асылан Ибадуллаев.
Отырыс барысында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, өрт қауіпсіздігі, білім беру қызметін лицензиялау және ғимараттардың сәулеттік-құрылыс талаптарына сәйкестігі мәселелері де қаралды. Тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері мен балабақша құрылтайшылары өзекті сұрақтарды ортаға салып, оларды шешу жолдарын талқылады.
Айта кетейік, Түркістан облысында 1 438 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 1 128-і – жекеменшік балабақша. Ал Түркістан қаласында 160 балабақша бар, оның 139-ы жекеменшік ұйымдар.
Кездесу қорытындысы бойынша көтерілген мәселелерді тиісті органдармен бірлесіп қарау және кәсіпкерлердің заңды мүдделерін ескере отырып, қолданыстағы талаптардың орындалуына қатысты нақты шешімдер іздеу қажеттігі атап өтілді.
