ТҮРКІСТАНДА 700 ОРЫНДЫҚ «ДАРЫН» МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫ КҮЗДЕ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Биыл Түркістан қаласында 700 орындық «Дарын» мектеп-интернатының құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылында қолданысқа берілмек. Бүгін өңірдегі БАҚ өкілдері баспасөз-туры аясында аталған нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты.
Мектептің құрылыс жұмыстары 2021 жылы сәуір айында басталған. 5,2 га аумақта орналасқан білім ордасы 500 оқушыға арналған жатақхана, 200 орындық асхана, шеберхана және спорт залмен қамтылған. Білім ұясында өңірдің барлық ауыл-аймағынан жиналған үздік оқушылар мен аса білімді балалар тәлім алады.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбектің айтуынша, дарынды балаларға арналған мектепте бүгінде негізгі жұмыстар аяқталған. Енді ішкі және сыртқы әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Мектеп құрылысын «МК Технострой сервис» ЖШС қызметкерлері жүрігізіп жатыр. Жауапты сала өкілдерінің айтуынша, құрылыс материалдарының басым бөлігі отандық өндірушілерден алынған. Бүгінгі таңда ішкі инженерлік желілерін орнату және сыртқы абаттандыру жұмыстары атқарылуда.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023-2025 жылдары өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 63 мектеп салынады деп жоспарланып отыр.