ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ВОЛЕЙБОЛДАН ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ мен Ислам Пірназаровтың шәкірттерінің ұйымдастыруымен Жетісай қаласында 2007-2008 жылы туылған қыздар арасында волейболдан облыстық турнир болып өтті.
Чемпионаттың салтанатты ашылуына Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков, Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Қоғамда ұрпақтар сабақтастығын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, жастар арасында волейбол спортына деген қызығушылықты арттырып, аға буын өкілдерінің ізін басқан жас спортшыларға тәжірибелерімен бөлісу, жастардың кәсіби біліктіліктерін арттыру, ұлағатты ұстаз Ислам Пірназаровты еске алуға арналған облыстық байрақты бәсекеге Түркістан облысының барлық аудандары мен Шымкент қаласынан келген 16 командада 250-ге тарта спортшы қатысып, бақтарын сынасты.
Ислам Пірназаров 1959 жылы дүниеге келген. 1984 жылдан бастап Жылысу ауылдық округіндегі М.Әуезов атындағы орта мектепте дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімі болып өмірінің соңына дейін еңбек еткен. Ұстаздық ете жүріп оқушы қыздар арасында волейбол командасын құрып, аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлдегер атанған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл алғаш рет ұйымдастырылған турнир келесі жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізілетін болады.
Командалар арасында өзара тартысты өткен ойындар төрешілердің бекіткен ережесіне сай қорытындыланып, IV орынға Мақтаарал ауданының командасы, жүлделі ІІІ орынға Қазығұрт ауданының құрама командасы табан тіресе, ІІ орын Отырар ауданының жастарынан құралған ойыншыларға бұйырды. Ал жүлделі І орын Жетісай ауданының «Жетісай спорт клубы» әуе доп шеберлерінің қанжығасына байланып, чемпион атанды. Жүлделі орынға ие болған командалар мен үздік ойын үлгісін көрсеткен жекелеген ойыншылар сайыс соңында ұйымдастырушылардың қаржылай сыйлықтарымен, медальдарымен және дипломдарымен марапатталды.