ТҮРКІСТАН: ЖАСТАР АРАСЫНДА ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН ЖАРЫС ӨТТІ

Қазығұрт аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастыруымен Наурыз мерекесіне орай, «Наурыз Қазығұрттан басталған» атты жастар арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. Ауданның 13 ауыл округінен келген командалар көкпар, теңге ілу, аударыспақ ойындарынан, қол күрестен бақтарын сынап, мықтыларды анықтады.
Дәстүрге айналған бұл сайыс Қазығұрт ауданында екінші рет ұйымдастырылып отыр. Сайысты ұйымдастырудың негізгі мақсаты – жастар арасында қазақ халқының ұлттық ойындарын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптеу, ұлттық ойын түрлерін қайта жаңғырту.
Ептілік пен алғырлықты талап ететін ұлттық ойын түрлерінен өткен жарыста талантты спортшылар шеберліктерін көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Тартысты дода қорытындысы бойынша көкпар ойынынан І орынды Қақпақ ауылының жастары иеленсе, ІІ орынды Қызылқия ауылы, ІІІ орынды Тұрбат ауылының спортшылары қанжығаларына байлады. Қол күрестен Қызылқия ауылы жүлделі І орынды жеңіп алды. ІІ орыннан Тұрбат ауылы көрінсе, ІІІ орынды Қақпақ ауылының жастары иеленді. Теңге ілу ойынының нәтижесі бойынша І орын Қызылқия ауылына, ІІ орын Қақпақ ауылына, ІІІ орын Тұрбат ауылынан келген командаға бұйырды. Аударыспақ ойынынан І орынды Тұрбат ауылы жастары қанжығаларына байлады. Ал Қызылқия ауылының жастары ІІ орынды, Қақпақ ауылының жастары ІІІ орынды иеленді.
Жеңімпаздар алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.