ТҮРКІСТАН ТАҒЫ БІР ЖАҢА ГҮЛЗАРМЕН ТОЛЫҒАДЫ

Түркістан қаласындағы Б.Саттарханов даңғылының Әкімшілік іскерлік орталығы аумағында жаңа гүлзардың құрылысы басталды. Мұндағы абаттандырылатын аумақтың жалпы өлшемі 5,2 гектарды құрайды. 2000-ға жуық көшеттер егіліп, 200-ге жуық көше жарықшамы орнатылады. Бір ойын алаңшасы мен 100-ге жуық орындық және аспалы орындықтар қойылады.

«Жаңа қала» аумағында 2022 жылы көпқабатты 49 үйдің құрылысы аяқталды. 12 қабатты 5 үйдің ауласын абаттандыру жұмыстарын наурыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жалпы абаттандыру құрылысы бойынша 10 нысанның мердігері анықталып, іске кірісуде. Қазіргі таңда нысандарда құрылысқа кедергі келтіретін заттардан тазарту, жер бедерін айқындау жұмыстары атқарылуда.

Түркістан қаласы аумағындағы жалпы қолданыстағы саябақтар, гүлзарлар, көшелер мен жасыл аймақтарды тазалау, жинау, жасыл желектерді (ағаш, бұталар, көгал, гүлдер) күту және егу, шағын сәулеттік формалар мен ескерткіштерді, субұрқақтарды, суғару жүйелерін күтіп-ұстау жұмыстары жыл бойы жүргізіледі. Жалпы қызмет көрсету аумағы – 524 гектар және 247 нысан. Ағаш – 695 247 дана, көгал аумағы – 2 560 000 шаршы метр. 7 гектарға көпжылдық гүлдер егілген.