ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫҚ КІТАПХАНА ҚОРЫ 1000 КІТАППЕН ТОЛЫҚТЫ
Бүгін «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Түлкібас аудандық кітапханалар жүйесінің «Кітап Travel – 2023» «Шежірелі өлкеден – рухани Темірқазыққа» атты іс-шарасы өтті.
«Түркістанға арнау» әнімен бастау алған шараға зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары мен құрметті қонақтар қатысты.
Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Жанат Шардарбекова мен Түлкібас аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Қамар Кенжебаева, «Шұғылалы таң» қоғамдық қайырымдылық қорының басшысы Дана Орманова мен ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төс белгісінің иегері Айғаным Сері бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ келген қонақтар мен оқырманды кітап оқуға және бір-біріне кітап сыйлауға шақырды. Кейіпкерлер шеруі мен жазушы Шерхан Мұртазаның «41 жылғы келіншек» әңгімесінен көрсетілген қойылым саханаға көрік берді. Іс-шара барысында облыстық кітапхана қорына 671 кітап сыйланды. Сонымен қатар әннен шашу шашылып, көрерменге көтеріңкі күй сыйлады.
Акцияның негізгі мақсаты мен іске асыру бағыты – өңірлік кітапханалардың қызмет көрсету бағытындағы озық идеяларды анықтау, бүгінгі оқырманның сұранысын қанағаттандыру арқылы кітап оқудың жаңа тетіктерін қарастыру. Өлкеден шыққан жас қаламгерлерді көпшілікке таныта отырып жігерлендіру. Осы бастама аясында облыстық кітапхананың сандық форматтағы және түпнұсқа қолжазбалар түріндегі сирек қорын көбейтуге қолдау көрсету.
Айта кетейік, жыл соңына дейін Түркістан облысында танымал қаламгерлердің, ақын-жазушылар мен баспагерлердің кітаптарынан кітап қорын 20 мыңға жеткізу жоспарланған. Алдағы уақытта осындай акциялар өңірде ғана емес, өзге қалаларда өткізілмек.